Маңғыстау облысында сұйытылған газ мәселесі өзекті болып тұр. Ішкі нарықтағы газ бағасына байланысты ауытқулар мен өзгерістер тұтынушылар арасында белгілі бір түсініспеушіліктер туындаған болатын. Осы мәселеге орай "Қоғамдық коммуникациялар қызметі" алаңында жиын өтті.
«Жаңаөзен қаласындағы «ҚазақГазӨңдеуЗауыты» аймақтың қажеттілігін толығымен өтей алмай отыр. Қазіргі таңда "ҚазГӨЗ" ЖШС 14 000 тоннадан аса газ өндіріп отыр. Аймақты сұйытылған газбен толық қамтамасыз ету үшін 25% өзге аймақтардан тасымалдануда», - деді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев.
Аймақта сұйытылған газ пайдаланатын автотранспорт саны күрт өскен. Өңірде тіркелген 164 мың көліктің 70%-ы сұйытылған газ қолданады. 2018 жылдың қаңтар айында «ҚазГӨЗ» 470 тонна газ өндірсе, бүгінде ол көрсеткіш 570 тоннаға жеткен.
Ал 2019 жылдан бастап сұйытылған газ электронды сауда алаңына қойылған болатын. Мәселен егер өткен жылдың басында электронды сауда алаңы арқылы газ өткізу өңірге жеткізілетін газдың жалпы көлемінің 5 пайызын құраса, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 20 пайызды құраған.
Айта кетейік, газ бағасы электронды алаңда белгіленген баға бойынша емес, ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады. Былтыр ақпанда электронды алаң арқылы газ сату бағасы тоннасына 43 мың теңгені құраса, 2019 жылдың соңына қарай сату бағасы тоннасына 80 мың теңгеге жеткен.
Брифингке қатысқан ҚР Энергетика министрлігі газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, газды электрондық сауда алаңы арқылы сату жыл соңына дейін 100% көшу жоспарланған.
Бүгін ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарына сәйкес, Энергетика министрлігі Маңғыстау облысына 2020 жылдың қаңтар айына 18 800 тонна сұйытылған мұнай газын бөлді. Оның ішінде 11 291 тонна сұйытылған мұнай газы - «КазГӨЗ» ЖШС-нен, 3 747 тонна сұйытылған мұнай газы - сырттан жеткізіледі («СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ), 3 760 тонна сұйытылған мұнай газы - электронды сауда алаңдары арқылы саудаланады. Заңға сәйкес, сұйытылған мұнай газы ішкі нарыққа 6 газжелілік мекеме арқылы жеткізіледі. Газжелілік мекемелер өз кезегінде орташа есеппен Ақтау қаласында – 58 теңге, Жаңаөзен қаласында – 55 теңге, Бейнеу ауданында – 65 теңге, Мұнайлы ауданы – 55 теңге, Маңғыстау ауданы – 57 теңге, Қарақияда 56 теңге және Түпқарағанда 55 теңгеден сатылып жатыр. Сұйытылған мұнай газы бағасын тұрақтандыру мақсатында Маңғыстау облысының әкімдігі мен Энергетика министрлігі бірлесіп, тиісті жұмыстарды қолға алды. Сонымен облыс әкімдігі бағаны тұрақтандыру бойынша аймақта жұмыс істейтін барлық газ желісі ұйымдарымен меморандумға қол қояды, газ желісі ұйымдары өз кезегінде бұл мәселе бойынша бөлшек сауда сатушыларымен (жанармай құю станциялары) жұмыс істемек. Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын Маңғыстау облысына басқа өңірлерден жеткізуді арттыру мәселесін қарастыруда. «Сонымен бірге ашықтықты қамтамасыз ету және сұйытылған мұнай газының тиімді нарығын қалыптастыру үшін электронды сауда алаңы арқылы сауда-саттыққа толық көшу қажет. Бұл өндірушілердің мүдделеріне сәйкес келеді және салаға инвестиция тартуға көмектеседі», - деді ҚР Энергетика министрлігі газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаев.