Маңғыстауға медицина саласы жайлы қалам тербеп жүрген жазушы Жан Ақжанов келіп, облыс дәрігерлерімен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған "Парасат" әдеби-шығармашылық кеш елдің әр аймағында өткізіліп жатыр. Шара аясында қаламгер Жан Ақжанов қоғамда болып жатқан мәселелерге тоқталып, шығармашылығымен бөлісті. Кездесу барысында жазушының «Дәрігер жолы» атты кітабы дәрігерлерді қызықтырды. Осы ретте жазушы өзінің қолтаңбасы қалдырылған бірнеше кітапты ақ халатты абзал жандарға тарту етті. Жан Ақжановтың айтуынша, алдағы уақытта ішкі істер министрлігі туралы жаңа кітап жазуды қол алғалы отыр. Сонымен қатар ол медицинаға қатысты тақырыптарды зерделеп, жетістігі мен кемшілігін бір арнаға тоғыстырып көлемді туынды шығару ойында бар екенін жеткізді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынды