Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында Жаңаөзендегі Оқушылар шығармашылық үйінің концерт залында салтанатты шара өтті. Салтанатты кешке қаладағы медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. - Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту - Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Елімізде халыққа заманға сай қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл даму үдерісінде Сіздердің үлестеріңіз, әрине, орасан зор, - деді салтанатты жиынның ашылуы барысында қала әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов. Сондай-ақ ол бірқатар денсаулық сақтау қызметкерлеріне қала әкімінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын тапсырды. Марапат алған ақ халатты абзал жандарды атап өтсек: «Медикер» ЖШС дәрігері Мұхтар Қожамбетов, №3 қалалық емхана медбикесі Ақорын Нұрлишова, ЖЖМБ диспетчері Бестер Дәулетова, «Стоматология» ЖШС дәрігері Жұлдыз Ермекбаева, «Жалымбетов» ЖШС стоматолог дәрігері Әділ Алтаев, «Медицина» ЖШС медбикесі Эльмира Темірханова, №2 қалалық емхана егу медбикесі Света Тілеужанқызы, көп бейінді қалалық аурухана фармацевт маманы Бибігүл Дәуенова, көп бейінді қалалық аурухана лаборанты Нағима Кенжебаева, көп бейінді қалалық аурухана босандыру бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Абишаева, №1 қалалық емхананың аға тіркеушісі Күнсұлу Сурибаевна, №1 қалалық емхананың лаборанты Асима Молдағалиева, туберкулез ауруханасының палаталық медбикесі Айжан Көшбаева. Мерекелік іс-шарада осынау шапағаты мен машақаты қатар, қадірі мен қасиеті мол мамандықтың маңызын түсініп, сол саланың білікті мамандары атанып жүрген медицина қызметкерлеріне арналған құттықтаулар аз болған жоқ. Солардың қатарында «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының бірінші орынбасары Нұрберген Худибаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Күлән Ахметова бар. Олар өз аттарынан құттықтауларын жеткізіп, бірнеше ақ халатты абзал жандарды Алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты шара соңында қаламыздың талантты өнерпаз жастары әннен, биден шашу шашты.
Дарина АҚБЕРЕН