©
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Маңғыстау облыстық қоғамдық денсаулық департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Жүнісбекова мен денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Жанар Тулебаева және фармацевтика қауымдастығының төрағасы Әліпқали Бисекешовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқосуда облыс аумағында дәрі-дәрмектерді рецепсіз босату мәселесі қызу талқыланды. «Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 8 мыңға жуық дәрілік зат тіркелген. Заңнамаға сәйкес 6 мыңнан аса дәрілер қатаң дәрігер рецепті бойынша ғана беріледі. Олардың қатарында микробқа қарсы, құрамында психотроптық және есірткі қоспасы анықталған, жүрек-қан тамырлары, ас қорыту жүйелері ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттар бар. Ал дәрігер рецебінсіз түрлі дәрумендер, мұрынды шаюға арналған ерітінділер, тамшылар, шөп қоспаларынан дайындалған шайлар, кейбір суыққа қарсы және ауруды басатын дәрілер беріледі», – дейді А.Жүнісбекова. Халық арасында дәрігер көмегіне жүгініп, маман кеңесіне құлақ түрместен, өз бетімен ем тағайындау үрдісі белең алған. Ғаламтор желісіндегі дәйексіз ақпарат негізінде рецепсіз дәрі ішіп, денсаулығы мен өміріне қауіп төндірген жайттар жиі кездеседі. Мамандар мәліметіне сүйенсек, өз бетімен емделу жағдайларының 80 пайызында қателік болады. Дер кезінде ем-дом алмау нәтижесінде дәрілік заттар адам ағзасына кері әсер етіп құсу, бас айналу, есте сақтау қабілетінің төмендеуі сынды ағзада орын алатын жағымсыз жайттарға себеп болады. Салқын тию, жөтелу, тұмау ауруының белгісі байқалған бойда әсері күшті антибиотиктердің көмегіне жүгінеміз. Дегенмен антибиотиктер бактериалды инфекцияларды жоюға арналған дәрілік заттар екендігін ескермейміз. Оларды нұсқаулық бойынша қолданбау түрлі аллергиялық ауруларға, асқынған бронх демікпесі мен жүрек, бауыр, бүйрек ауруларына және нәресте ағзасының туабітті ақауларына әкеліп соғады. Адам ағзасы антибиотик дәрілерге дағдыланса, оның пайдалы әсері кеми түсетіні дәлелденген. «Бұрын дәрі-дәрмектер рецебі 3 ай ғана сақталатын еді. «Рецептерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларына» енгізілген өзгерістер аясында енді дәрігер тағайындаған бүкіл рецептер дәріханада қалады және үш жыл бойы сақталады», – дейді А.Жүнісбекова. Жуырда ұлттық сараптау орталығы фармацевтика саласы қызметкерлерімен бірлесе дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды рецепсіз босатудың қауіптілігін түсіндіру мақсатында арнайы науқан ұйымдастырды. «Қатаң түрде рецеппен босату» апталығы аясында Қазақстан аумағындағы барлық емдеу орындары мен дәріханаларды қамтып, 2019 жылдың мамыр айының соңына дейін жалғасады. Маңғыстау облысында қазіргі таңда 400-ден астам дәріхана бар. Олардың 90% - жеке кәсіпкерлердің иелігінде. «Заңнама мазмұнына енгізілген толықтырулар аясында дәрі-дәрмекті рецепсіз босатқан фармацевтерге 70-тен 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл – дәріхана кәсібі арқылы нәпақасын тауып отырған жандарға келтіретін үлкен шығын. Бұл орайда тек фармацевтерге кінә арту, біржақты айыптау дұрыс емес. Дәрігерлер арнайы рецепт жазуға тиіс. Амбулаториялық картаға жазған нұсқаулық жарамсыз екенін ескергені жөн. Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе түйткілді мәселенің шешімін тез арада табуға тиіспіз. Науқан оң нәтижесін көрсетеді деген сеніміміз мол», – дейді фармацевтика қауымдастығының төрағасы Ә.Бисекешов. Адам өз денсаулығына аса сақтықпен қарап, рецепсіз дәрі-дәрмектерді қолданбауға дағдыланғаны жөн. Рецепсіз дәрі-дәрмектерді саудалау барысында тұтынушы мен дәрігерлер заң алдындағы жауапкершілігін естен шығармауы тиіс. Айта кетер тағы бір жайт, «Қатаң түрде рецеппен босату» науқаны аясында кез келген жан рецепсіз дәрі алуға қатысты өз басынан өткен жағдайды www.ndda.kz сайтына жолдап, оқиғасымен бөлісе алады. Бұл өзгелерді өміріне қауіп төндіретін дәрі-дәрімекті дәрігер нұсқауынсыз сатып алудан сақтандыруға септігін тигізеді. Елімізде дәрі-дәрмек өндірісін бақылау жүйесі он жылдан аса қызмет етеді. Сонымен қоса осы бағыт бойынша Қазақстан ДДСҰ-ның жаһандық бағдарламасының толыққанды мүшесіне айналды. Республика аумағында жүзеге асатын дәрі-дәрмек саудасы ұйымның жіті бақылауында.Голрох ЖЕМЕНЕЙ