Кезекті аппарат жиынында облыс басшысы Е.Тоғжанов күн тәртібіндегі мәселелерге зер салды. Атап айтсақ, осы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы, шикізаттық емес экспортты ілгерілету және Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру жөнінде мәселелер қаралды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібекова баяндап өтті. Оның айтуынша экономиканың кейбір салаларында төмендеу көрсеткіші байқалады. «Облысымызда төмендеу көрсеткіші өнеркәсіп және құрылыс салаларында байқалады. Соның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінің жұмысы 2%-ға төмендеді. Бұл мұнай өндірісінің 8%, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету көлемінің 9,1%-ға төмендеуіне байланысты. Сонымен қатар өңірдегі төрт ірі мұнай компаниясының да мұнай өндіру көлемі азайған. Олар: «Маңғыстаумұнайгаз», «Бозашы», «Тоталь және Доңға» және «Қарақұдықмұнай» компаниялары. Одан соң құрылыс саласында да 10,4% төмендеу байқалады», – деді М.Әлібекова. Бұл жөнінде аймақ басшысы тиісті басшыларға тапсырма беріп, қызмет сапасын арттыру бойынша бірқатар міндеттемелер жүктеді. Ал қалған салаларда оң нәтиже бар. Өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, инвестиция, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында өсім көрсеткіші айтарлықтай жоғары. Мәселен, осы жылдың сәуір айына дейінгі нәтиже бойынша өңірде 23,9 млн. теңгеге 19 жоба кепілдендіріліп, «Нұр капитал» бағдарламасы бойынша 1,3 млрд. теңгеге 70 жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде бүгінгі күні облыс көлемінде 5140 жұмыс орны ашылған. Айта кету керек, облыс бойынша барлық жұмыссыздар саны 4,8%-ды құраса, жастар арасында 2,9%-ға төмендеген. Дегенмен аймақ басшысы бұл көрсеткіштердің қуанарлық деңгейде емес екенін алға тартып, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаевқа жұмыссыздық деңгейін төмендетуді тапсырды. «Жоғарыда келтірілген сандық есеп ешқандай нәтиже емес. Жұмыссыздық – қазіргі таңда ең үлкен мәселе. Бұны бірігіп шешеміз. Бұған қала, аудан әкімдері де жауапкершілік пен қарауы керек. Жұмыстан қысқарып қалған азаматтарға да басқа жерден жұмыс көздерін қарастыру керек. Көп балалы аналар, оның ішінде мүжәлсіз отбасылардың күнкөріс деңгейін, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін де тиісті шаралар дер кезінде орындалу керек», – деді облыс әкімі Е.Тоғжанов. Енді облыс көлеміндегі экспортимпорттық тауар айналымдарына келетін болсақ, бұл сала бойынша да оң нәтиже бар. «Маңғыстау облысы әлемнің 89 елімен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырады. Оның ішінде экспорт бойынша – 37, импорт бойынша 86 мемлекетпен тығыз қарым-қатынаста. Ресми статистикалық деректерге сәйкес 2018 жылғы қаңтар–желтоқсанда Маңғыстау облысының тауар айналымы 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2017 жылға қарағанда 20%-ға көп. Оның ішінде экспорт 16,3%-ға, импорт 56,6%ға артық орындалды. Экспортталатын тауарлардың негізін мұнай және мұнай өнімдері, сұйытылған мұнай газдары құрайды. Өңір экспортының жалпы көлеміндегі отынэнергетикалық тауарлардың үлесі 96,4% құрайды», – дейді облыстық индустриялықинновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Айтжанов. Алдағы уақытта сала мамандары бұл көрсеткіштермен тоқтап қалмай, өңір экспортын дамыту басты назарда екенін алға тартады. Осы мақсатта облыс әкімдігінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №200 қаулысымен «Экспортты дамыту және жылжыту мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесі» құрылып, өңірдің экспортын дамыту бойынша шектеулерді және жергілікті деңгейдегі кедергілерді жою бойынша мәселелерді шешу көзделіп отыр.
Айгүл ОРЫНБАЕВА