«MEN QAZAQPYN» республикалық мега-жобасының екінші маусымында «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша маңғыстаулық Алпысбек Оңайбайұлы жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Бұл жобаға былтыр да қатыстым, аздап тәжірибем болғандықтан мен үшін оңай болды. Бас жүлдені иеленгендегі әсерім ерекше. Бұл - менің ғана емес, елімнің де жеңісі, абыройы», - дейді жеңімпаз Алпысбек Оңайбайұлы.
Алпысбек қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінінің "дәстүрлі ән" мамандығының 4-курс студенті. Оның айтуынша университетті тәмәмдағаннан кейін қайда жұмыс жасайтынын әлі шешпеген. Сондықтан барлық ұсынысқа дайын екендігін айтты.
Бұл жобаны Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадио корпорациясы биыл екінші рет ұйымдастырып отыр. «MEN QAZAQPYN» республикалық мега-жобасының еліміздің 14 облыс орталығы мен Астана, Алматы қалаларындағы іріктеуінен 1500-ге жуық өнерпаз өткен. Ал Маңғыстау облысының намысын дәстүрлі ән бағыты бойынша – Алпысбек Оңайбаев, жыр-терме бағытында – Темірбек Асқанбаев, күй жанрында – Еркебұлан Соңғыбаев қорғаған еді. Іріктеу кезеңінен 49 қатысушы телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Олардың үшеуі Моңғолиядан, екеуі Ресейден, біреуі Жапониядан және қалғандары өз еліміздің қатысушылары.
6 айға созылған жобада «Үздік дәстүрлі әнші» номинациясы бойынша бас жүлдені екі жеңімпаз – маңғыстаулық Алпысбек Оңайбайұлы мен Рауан Әлімбаев иеленді. «Үздік термеші» номинациясымен - Күнсұлу Түркпен, «Үздік күйші» номинациясы бойынша - Жәнібек Жәмиев марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Мен қазақпын» мега-жобасының алғашқы маусымында маңғыстаулық Оспан Құлсымақ «жыр терме» номинациясы бойынша бас жүлде алған болатын.
Ақкенже БЕРКЕНОВА, Суретті А.Оңайбайұлы ұсынды