ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті баспасөз-конференциясын өткізді.
Жиынға арнайы мониторингтік және мобильдік топ, әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, блогерлер қатысты. Департаменттің осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстарды баяндаған департамент басшысы Нұргүл Жанназарова алдағы қыруар жұмыстар мен мақсаттарды да тілге тиек етті.
Ең алғаш сөз алған Нұргүл Жанназарова мемлекеттік қызметшілердің еңбек ақысының жоғарылауы, азаматтардың өңірдегі мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын артқандығын айтты.
1 жартыжылдық қорытындысымен салыстырғанда бос орындар саны - 137-ден (10,2%) 90-ға (6,7%), таза ауысымдылық бойынша - 56-дан (4,2%) 24-ке (1,8%) азаюынан және тестілеуден өтуге ниет білдіргендер саны - 1339-дан 2760-қа, яғни 2017 жылдың 1 жартыжылдығымен салыстырғанда 1,6% өскенін байқауға болады.
Конкурс бойынша, Маңғыстау облысы индустрия және инновация басқармасында 1 орынға - 13 үміткер, Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасында 2 орынға - 8 және 5 үміткер, Ақтау қаласы әкімінің аппаратында 1 орынға - 10 үміткер, Мұнайлы ауданы әкімінің аппаратында 1 орынға - 12 үміткер, Маңғыстау облысы мәдениет басқармасында 1 орынға - 5 үміткер қатысқан.
Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша департаментке жеке және заңды тұлғалардан 155 өтініш түскен. Басқарма оның 121-ін қарап шыққан.
26 өтініш және 4 ішінара бойынша жалпы саны 30 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 54 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы 30 ұсыныс енгізілген. Ұсыныстар негізінде тәртіптік жазаға тартылғандар саны көбейген, мысалы өткен жылдың осы кезеңінде 5 қызметші жазаланған болса, биыл 13 қызметші жазаланған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 274 бабымен 1 тұлға әкімшілік жазаға тартылып, оған 84 175 теңге көлемінде айыппұл салынып, толықтай өндіріліп алынған.
Әдеп жөніндегі кеңестің 5 мәжілісі өткізіліп, 45 мәселе қаралған, оның 20-сы - тәртіптік істер. Былтырмен салыстырғанда, тәртіптік істер саны 33,3% азайған. Мекеме басшыларына 11 ұсыным жолданып, Әдеп кодексін бұзған тұлғаларға 6 ескерту, 3 сөгіс, 1 қатаң сөгіс және 1 қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту қолданылған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын да қорғайды. Маңғыстау облысы кірістер департаментінің тарифтік реттеу басқармасының басшысы М.Спабеков департамент басшысының «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде қолданылған тәртіптік жазамен келіспейтіндігін айтып, агенттіктің аумақтық департаментіне шағымданған. Жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, берілген тәртіптік жаза қолданыстағы заңнамаға қайшы келуіне байланысты, облыстық кірістер департаменті басшысы шығарған бұйрықтың күші жойылып, мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалған.
Агенттік сонымен қатар мемлекеттік органдар, мекемелерде, сауда және халыққа қызмет көрсету орталықтарында, оқу орындары, мәдениет, спорт мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы 22500 плакат орналастырылып, әрбір түсіндірме жүргізу іс-шараларында, бұқаралық акцияларды, мобильдік топтардың кездесулерінде ақпараттық парақшалар көптеп таратылып,арнайы бейнероликтер көрсетілген.
Сондай-ақ басқарма 18-20 шілде аралығында Маңғыстау селосының теміржол вокзалында облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелерінің ұйымдастыруымен «жасырын тұтынушы» әдісімен мониторинг ұйымдастырған. Нұргүл Жанназарова аталған рейд жөнінде баяндап берді. Пойыз жолсеріктерінің біраз былығын ашқан. Басқарма қызметкерлері жасырын тұтынушы кейіпін танытып, камераға түсіріп алған. Іс-шара аясында вокзалдың техникалық қызметкері «Маңғышлақ-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына бір билетті 25 мың теңгеге тауып беруге уәде берген сәттері жасырын камераға жазылып қалған. Жиын соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар жауап берді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН