Бүгін Ақтау қаласына Швейцарияның экономика, білім және зерттеу министрі Иоганн Шнайдер-Амманн бастаған делегация келді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов және өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылары делегация өкілдерімен кездесіп, басқосу барысында бағалы металдарға және олардан жасалатын бұйымдарға талдау белгілерін өзара тану туралы бірлескен келісімге қол қойылды.
ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Швейцарияның Қазақстанның маңызды серіктестердің бірі екенін айтты.
«2017 жылы Қазақстан мен Швейцария сыртқы сауда айналымы 3млрд АҚШ долларынан асты. Екіншіден, соңғы 12 жылдың ішінде Швейцария Қазақстанның экономикасына 20 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Иоганн Шнайдер-Амманн мырза Маңғыстаудың көлік, логистика салаларына жаңа инвестиция құюды жоспарлап отырғанын айтты. Қазақстанда 300-ден астам швейцариялық компания мен бизнесмендер бірлесіп, тау-кен, химия, машина жасау және т.б көптеген салаларда жұмыс жасап жатыр. Сондықтан Швейцарияның бұдан кейін де инвестиция салатынына сенеміз», - деді ол.
Швейцария Конфедерациясымен екіжақты қатынастарды дамытуда Маңғыстау облысының да рөлі маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанға келуімнің екі негізгі себебі бар. Біріншіден, Дүниежүзілік банк, халықаралық валюта қоры, британдық келісім жобасы аясындағы ынтымақтастағы үшін алғыс білдіру. Екінші маңызды себеп – делегация мүшелерімен бірге болашақ жобаларды, соның ішінде логистика саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру», - деді Швейцарияның экономика, білім және зерттеу министрі Иоганн Шнайдер-Амманн.Іскерлік кездесуден соң шетелдік қонақтар «Морпорт Ақтау» ЕЭА №1 аймағын, «Ақтау Морпорт», «Құрық порты» ЖШС, «Kazakhstan Pipe Traders» (Tenaris) ЖШС және «Arcelor Mittal Tubular Products» АҚ кәсіпорындарының жұмысымен танысты.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ