Қазақ баспасөзіндегі үзақ жылғы мінсіз қызметі үшін бүгін «Маңғыстау-медиа» ЖШС бір топ қызметкеріне ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің марапаттары табысталды. "Ақпарат саласының үздігі" төсбелгісімен «Маңғыстау» газетінің журналисі Валентина Қозыбақова наградталса, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Құрмет грамотасы mangystaumedia.kz сайтының фототілшісі Талант Құсайын мен «Маңғыстау» газетінің дизайнері Жұмагүл Аблановаға берілді.
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай берілген марапаттарды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов тапсырды. Аймақ басшысы журналистердің елдік саясатты жүргізіп, ұлттық құндылықтарды дамыту, қоғамдық сананы қалыптастырудағы еңбектерін атап өтті.
Валентина Мұстажапқызы өзінің журналистік қызметін осыдан 37 жыл бұрын 1981 жылы Түркменстан қазақтарының үні болған қазақ тіліндегі «Жұмысшы» газетінде тілші болып бастаған. Ол 1999 жылға дейін осы газетті тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2000 жылғы қыркүйектен бастап Маңғыстау облыстық теле-радиокомпаниясында радио-тележурналист болып жұмыс істеген. 2003 жылдан бері облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі. Оның денсаулық тақырыбына жазылған мақалалары жоғары бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы ұйымдастырған республикалық байқауда 2005 жылы бас жүлдені, 2006 жылы «Үздік журналист» атағын жеңіп алды. Валентина Қозыбақова бұған дейін Маңғыстау облысының әкімдері Б.Мұхамеджановтың, Е.Тоғжановтың Алғыс хаттарымен марапатталған.
Ал сайтымыздың фотографы Талант Құсайын журналистика саласындағы еңбек жолын 1984 жылы Атырау облысы Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде бастаған. Кейін «Жаңаөзен», «Ақтау ақпарат» газеттерінде фототілші ретінде танылды. Осы жылдарда оның фотохабарлары республикалық ҚазТАГ, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас» газеттерінде және басқа да республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланып тұрды.
2014 жылдан бері «Маңғыстау-медиа» ЖШС қарасты «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттерінде, mangystaumedia.kz, ogni.kz сайттарында фоторепортаждар дайындап келеді. Талант Ахметұлы өзінің сүйікті жанрлары – фотоэтюдтер мен портреттерді түсіруден қол үзген емес.
«Маңғыстау» газетінің дизайнері Жұмагүл Абланованың баспасөз саласындағы еңбек жолын 2007 жылы Ақтау қалалық «Проспект» газетінде дизайнер болып бастады. 2009 жылы «Маңғыстау» газетіне дизайнер болып жұмысқа ауысып, газеттің сыртқы бейнесіне өзгеріс, соны леп ала келді. Жұмыста бастамашылығымен, ерекше қабілеттілігімен көзге түсіп, 2017 жылы Ақтау қаласының әкімінің С. Тұрымовтың, 2018 жылы Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың Алғыс хатына ие болған. «Желтоқсан оқиғасына – 30 жыл» мерекелік төсбелгісінің иегері. Бір қызығы - оның негізгі мамандығы – суретші. Ол сонымен қатар тас қашаумен де айналысады. Жұмагүл Мұратбайқызының Серікбол Қондыбайдың зерттеу еңбектерінің негізінде жазылған суреттері ғалымның Шетпедегі мұражайына қойылған.
Журналистің еңбегі оқырманның бағасымен өлшенеді. Халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген әріптестестерімізді мәртебелі марапаттарымен құттықтаймыз!
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57605,57604,57606"]