«Мемлекеттік рәміздер - бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді». Нұрсұлтан Назарбаев
Маусымның төрті - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні. Тәуелсіз еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Ту, Елтаңба, Гимн мемлекеттің мызғымас негіздері саналады. Аталған басты нышандар біздің салт-дәстүрімізге негізделген, халқымыздың рухани құндылықтарын ұлттық санасын, болашаққа үмітін, арман тілегін жеткізетін ерекше құнды белгі. Мемлекеттік рәміздер қазақ елінің болмысын, бүгіні мен ертеңін сабақтастырып, елдің еңсесін көтеретін басты абыройымыз екені анық. Әр нышан өзіндік мағынаға ие. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін мерекеге орай аймақта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Айбынды асқақтатып, ұлтқа деген сүйіспеншілікті айшықтайтын рәміздер күні өңірімізде сән салтанатпен аталып өтті.
Егемендіктің айғағы, тәуелсіздіктің тұғырлы екенін білдіретін Рәміздер күні мерекесінің тәрбиелік мәні зор. ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне арналған патриоттық іс-шараны ұйымдастыруға Ауған соғысы ардагерлерінің "Бауырлас жауынгерлер" ҚБ атсалысып, шараның өтуіне өз үлесін қосты. Еліміздің көк туы бейнеленген бейсболкасы мен жалаушаларды жиынға жиналған жастарға таратты.
Атаулы мерекеге арналған шара автошерумен басталды. Бірнеше көлікке орналасқан аймақтың спортшылары мен белсенді жастары көк туды желбіретіп 7 ден 14 шағын ауданындағы рәміздер алаңына дейін жүріп өтті. Қаланың бас көшелерін көк байрақпен көмкерілген көліктер көріктендірді. Ресми мерекеге тұрғындар көптеп жиналды. Мерекеге облыс әкімі орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар қатысты. Ел азаматтарымен жиналған жұртшылық бірігіп еліміздің әнұранын шырқады. Көкке көтеріліп тұрған туымызбен көпшілік бірге орындаған әнұран көрінісі жиналған жұршылықтың еліне деген сүйіспеншілігін арта түсті. Мерекелік алаңда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы, Мемлекеттік Әнұраны ұлықталды.
Ең алдымен сөз алған облыс әкімі орынбасары Серік Аманғалиев көпшілікті мерекемен құттықтап, ыстық лебізін жеткізді.
- 27 жыл бұрын Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, әлемге тәуелсіздігімізді паш еттік. Біз бірлікпен татулықтың нәтижесінде Тәуелсіздігімізді тұғырына қондырып, мәңгілік қазақ елін құрдық. Елбасымыз айтқандай ендігі мақсат- экономикасы тұрақты, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Ал ұлттың табысты болуы табиғи байлығымен емес, білімі, қызметі зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстарында. Осылардың барлығын бағындыру үшін әрбір азаматтың жүрегінде Отанға, елге, жерге деген құрметі шексіз болуы тиіс, - деді облыс әкімі орынбасары.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстаудағы алғаш IT сынып Түпқарағанда ашылдыСондай-ақ жиында салтанатты түрде мемлекеттік қызметке алғаш қадам басып жатқан мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі өткізілді. Бір топ жас маман көпшілік алдында ҚР заңдарын сақтай отырып, еліме талмай қызмет етемін деп ант берді. Жас мамандарға ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова қызметтік куәлік табыстады.
- Спортшылар үшін туымыз ерекше болып саналады. Әрбір жарыста оның көкке көтерілуі бізге рух пен қазақ елінің бізге артқан сенімін ақтауымызға күш береді. Барша қазақстандықтарды атаулы мерекемен құттықтаймын, - деді боксшы Әділбек Ниязымбетов.
Шара барысында орындалған өңір өнерпаздарының патриоттық әндері жиналған жұршылыққа рух берді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55433,55439,55434,55435,55436,55438,55437,55442"]