Адам, техника, өндіріс болған жерде кез келген оқиға, тіпті қайғылы жағдай да болуы әбден мүмкін. Қауіпсіздік шаралары талапқа сай дұрыс жасақталған жерлерде, әрине, келеңсіз оқиғалар кезіге бермейді. Өйткені қауіпсіздік шаралары – адам өмірінің арашашысы. Адам еңбегін қорғау, қауіпсіздік техникаларын сақтау ҚР еңбекті қорғау туралы заңында жан-жақты әрі нақты айтылған. Осы заң мен заң актілерінің талаптары «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы өмірінде қалай іске асырылуда? Заң талаптары дұрыс орындалып жатыр ма? Міне, біз осындай сұрақтарға жауап іздеу мақсатында «ӨМГ» АҚ еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің директоры Өсербай Тұрсабековті әңгімеге тарта отырып, істеліп жатқан жұмыстар мен кездесіп жатқан кемшіліктердің себептеріне бірге назар аударғанбыз.
Компаниядағы өндірістік құрылымдық басқармалардағы жарақаттанған жұмысшылардың мәліметі көңіл көншітеді деп айту қиын. Мысалы, 2017 жылдың 12 айы ішінде 7 жұмысшы жарақаттан ған. Ал 2016 жылдың осынау кезеңінде 20 қызметкер жарақаттаныпты. Қазіргі таңда өткен екі жылда болған осы 27 жарақаттанушының 22-сі жұмыстарына қайта шыққан. 1 қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын алған, 4 қызметкер қайтыс болған.
- ҚР Еңбек кодексіне, 2017 жылы орын алған оқиғаларға арнайы комиссия құрылып, тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілді, – дейді департамент директоры Өсербай Тұрсабеков. – Жүргізілген тергеу-тексеру қорытындылары бойынша аталған оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау және қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатында 51 тармақтан тұратын 7 түзету іс-шарасы жасақталды. Бүгінгі таңда осы ісшаралардағы 51 тармақтың барлығы түгел орындалды. Сонымен бірге жүргізілген тергеу-тексеру қорытындылары бойынша жауапты қызметкерлерге және жазатайым оқиғаларды болдыруға жол берген қызметкерлерге тәртіптік жазалар қолданылды. Мысалы, біреуінің еңбек шарты бұзылды, яғни жұмыстан шығарылды. 10 адам қатаң сөгіс алды. Тағы 6 адамға сөгіс, 7 адамға ескерту берілді. Тіркелген 7 жазатайым оқиғаның 6ауы жеңіл жарақат, ал 1-еуі қайғылы оқиғамен аяқталған.
- Тарқата айтсақ, сол 2017 жылы 10 сәуірде №1 МГӨБ-тің тасжолында БЖБ мекемесіне қарасты КамАЗ автокөлігімен «Пикап» УАЗ автокөлігі бетпе-бет соқтығысып қалған. Соның салдарынан УАЗ автокөлігінің жүргізушісі қаза болды. Бұл – өндірісте, жұмыс кезінде болған оқиға. 2016 жылы осындай үш оқиға болды. Облыстағы Еңбекті қорғау басқармасынан тиісті мамандар келіп, тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде КамАЗ автокөлігінің жүргізушісі жұмыстан шығарылды.
Сондай-ақ компанияда 1500-ден астам әртүрлі көліктер жүріп, өндіріске араласады. Олардың ішінде әртүрлі арнаулы көліктер мен жеңіл автокөліктер де бар. Сол көліктердің бәріне соңғы кезде құрылғылар орнатылған. Осы құрылғы арқылы департамент қызметкерлері әлгі көліктердің қайсы бағытқа, қандай жылдамдықпен бара жатқанын қашықтан көріп, бақылап отырады. Оның жанар-жағармайлардың орынсыз ысырап болмауына да пайдасы тиеді. Сондықтан компанияда соңғы кездері осы құрылғының арқасында жүргізушілер арасын да жылдамдықты асырып, жол ережелерін бұзу сияқты фактілер әлдеқайда азайды. Сонымен қатар жанар жағармайлардан да қаржыны үнемдеген.
Сонымен қатар «ӨМГ» АҚ-та 2015 жылдан бері мотивациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірісте қауіпсіздік саласы бойынша адамдардың жұмыстарын бағалау, яғни сыйақы беріп ынталандырып, көтермелеу істері қолға алынып жатыр. Бұл компаниядағы қолдау қорында бар. Тағы да бұл құқық, тәртіп бұзушылық жасағандарға берілмейді. Кімде-кім қауіпсіздік техникаларының ережелерін толық сақтап, төңірегіне ықпалын жасап, өнім өндіруде өзгелерге үлгі-өнеге бола алатын жұмысшылардан бастап, барлық буындағы өндіріс адамдарын көтермелеп, сыйақы беріп ынталандырып отыру үрдіске айналып келе жатыр. Әрине, бұл да өз пайдасын тигізуде. Енді алдағы уақыттары мұның көлемін ұлғайту шаралары қарастырылып жатыр. Мысалы, «Озат шебер», «Үлгілі бригада», «Озат цех меңгерушісі», тіпті «Озат цех» дегендерді де қолға алуды жоспарлап отыр. Бұған компанияда толық мүмкіндік бар. Мұның бәрі жұмысшылардың арасында кездесетін кемшіліктерді азайту мақсатында, жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін жасалып жатқан игілікті істер болып есептеледі.
Компаниядағы өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлар қызметін қадағалап-бақылау және болдырмау жұмыстары осы департаменттің міндетіне жүктелген. Өйткені қазір әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі техногендік және табиғи апаттардың өршіп тұрғанын күнделікті БАҚ ақпараттарынан көріп, біліп, байқап отырмыз. Табиғи апаттардан тысқары техногендік дегеніміз – адамның қолымен жасалатын апаттар. Мәселен, Ресейдегі және басқа да алпауыт мемлекеттердің өзінде осындай қолдан жасалған апаттарды, яғни өртті ауыздықтау кейде қиындықтар туғызып, кейде халықты қайғылы жағдайларға душар етіп жатқандарын көріп отырмыз. Әрине, мұның бәрі біздің жас, тәуелсіз мемлекетіміз үшін сабақ болуы тиіс. Сондықтан «ӨМГ»-де жерасты, жерүсті байлықтарын сақтау, жұмысшылардың қауіпсіздігін қорғау бойынша жай ғана айтып қоймастан, оқу-жаттығу сияқты іс-шаралар өткізіп, халықтың көзін жеткізіп, әртүрлі сақтану, қорғану шараларын қалай жасау керектігін өткен жылдан бері тұрақты үйретіп, көрсетіп, саналарына сіңіріп жатқан жағдайлары бар.
- Дүниежүзілік халықаралық азаматтық қорғаныс күніне орай өткізілетін қалалық әкімдіктің арнайы бағдарламалары бар. Осындай оқу-жаттығуды биыл 2 наурызда жасағанбыз, – дейді Ө.Тұрсабеков. – «Көктем – 2017» республикалық командалық штабқа қатыстық. Технологиялық процестің бұзылуы, апаттың жағдайы бойынша дер кезінде азаматтық қорғаныстың іс-әрекеттері дейтін бар. Мысалы, «ТТБ, МГӨБ-тер не істеуі керек?» деген формалары бар. Жалпы біздер қалалық әкімдік тарапынан болған оқу-жаттығуларға да белсене қатысамыз. Өйткені түрлі деңгейдегі транспорттармен қамтамасыз етіп, тұрғындарды бір жерден екінші жерге эвакуциялағанда, яғни көшіргенде де, оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету керек сияқты іс-әрекеттерімізді көрсетуге белсене араласамыз. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жалпы халықты жаздық, қыстық арнаулы киімдермен қамтамасыз етеміз. Өткен жылдың қыркүйек айында «Қорғау», қараша айында «Қыс – 2017» командалық жаттығу болды. Аймақтарда әртүрлі төтенше жағдайлар болса, мысалы, бір жерде қар көшкіні, бір жерде лай көшкіні, тағы бір жерде қыста жауған қардың ертінділері селге айналып тұрғындардың берекетін алса, біздердің дайындығымызды тексеру мақсатында жоғарыдан департаменттен әртүрлі тақырыптар бойынша тапсырмалар беріледі. Біз соған сақадай-сай тұруымыз керек. Мұның бәрі – дайындық жұмыстары. Құдай сақтасын, аяқ астынан төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда қапыда қалмауымыз керек. Осылардың бәрін бағалап, көзден өткізіп тексеріп отыратын облыстық төтенше жағдайлар департаменті, оның үстінен қарайтын облыстық әкімдік бар. Ал облыстық әкімдік Астанаға хабарлап отырады. Себебі әлгіндей оқу-жаттығулар мен командалық сынақтар республика деңгейінде өтеді. Сосын өзіміздің мекемелеріміздің ішінде болатын оқу-жаттығуларымыз бар. Белгіленген қағида, ережелерді барлық адамның бес саусақтай білуі міндетті. Өрт сөндіру қызметіндегілер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің де шапшаңдығы, іскерлігі, кәсібін жетік меңгергендігі бәрі-бәрі есепке алынады.
Сондай-ақ бұлар жұмысшылар мен компания мамандарының арнаулы киімдерінің өте сапалы болуына ерекше көңіл аударып келеді. Әрине, киімдердің жаздық және қыстық үлгілері болады. Осылардың бәрі назардан тыс қалмайды. Арнаулы киімдердің ерекшелігі – отқа жанбайды, су өткізбейді. Қар, жаңбыр кезінде де адамға өте ыңғайлы. Осы матадан тігілген киімдердің бәрін Жаңаөзендегі «Жанарыс» киім тігу фабрикасы тігеді. Жаздық киім мұнайшыларға жылына екі рет, ал қыстық киім екі жылда бір рет беріледі. Жаздық және қыстық аяқ киімдер де беріледі. Жалпы компанияда арнаулы киімдер үшін нұсқаулық шығарылған. Бір реттік, жауын- шашынға арналған киімдер, жүргізушілерге бөлек, жерасты жөндеу жұмыстарындағыларға өз алдына бөлек киімдер беріледі.
Жалпы «ӨМГ» АҚ-та еңбекті қорғау өндірістік қауіпсіздіктен сақтану үшін осындай оқу-жаттығулар мен шаралар жиі-жиі болып тұрады. Мысалы, 2017 жылы осы бағытта жұмысшыларды оқыту-үйретуге өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқуларға 8031 адам қатысқан. Сондай-ақ өрт техникалық қауіпсіздігін сақтау бойынша ең кемі 1915 адам, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 682 адам, электр қауіпсіздік шаралары бойынша ІІІ, ІV, V топтарда 124 адам, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша қауіпті өндіріс мамандары мен басшылардың ішінде 40 адам біліктілігін көтеру курстарынан өткен. Сол сияқты радиациялық қауіпсіздіктен қорғану мен қауіпсіздік техникасы салалары бойынша да біліктілігін көтерген. Осының бәрі – Өзен мұнайшыларының қауіпсіздігін қорғау үшін жасалып жатқан игілікті істер. Сондықтан қауіпсіздік техникасының адам өмірінің арашашысы екенін әрбір адам жақсы түсінуі – шарт және міндет.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН