Елорданың 20 жылдығына орайластырылған бірегей жоба Астананың мәдени күндері Маңғыстау облысына жетті. 26-28 мамырда елордалық артистер Ақтау қаласының алаңдарында керемет концерттер ұйымдастырып, өздерінің үздік театрландырылған қойылымдарын қояды, келушілер назарына отандық суретшілердің еңбектері де ұсынылады.
Үш күн бойы Ақтауда сағат таңғы 10.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Ақ тілекпен, Астана!» көрмесі жұмыс істейді. Еске салайық, экспозицияға 50 қазақстандық суретшінің 100-ге тарта еңбегі шығарылады.
Сонымен қатар, «Жастар» театрының артистері ақтаулықтарды үздік қойылымдарды тамашалауға шақырады. Бірінші күні көрермендер назарына «Қыз Жібек» мюзиклі ұсынылады. Қойылымның қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Жағалбайлы руынан шыққан Төлеген мен Шектінің қызы Жібек туралы әрі лирикалық, әрі қайғылы хикаяны білмейтін жан жоқ шығар. Бақталастық, қызғаныш, Жібектің жүрегінен орын алу үшін күрес, жазмыш – ең танымал қазақ фольклорының классикалық сюжеті аталмыш мюзиклдің негізіне алынған. Қойылымды қоюшылар Евгений Брусиловскийдің музыкасын пайдаланады. Оған жаңаша рең береді. Бұдан не шыққанын Ақтау тұрғындары 26 мамырда, ертең сағат 19.00-де көріп, өз бағасын бере алады.
Келесі күні қоюшы-режиссер ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен»(«Зримая песня») қойылымы сахналанады. Музыка тілі – баурап аларлық, шынайы әрі жұмбақ. Актерлер көрерменмен осылайша тілдеспек.
Соңғы гастрольдік кеште, 28 мамырда, Ақтау қаласының тұрғындары «Асауға тұсау» («Укрощение строптивой») комедиясын тамашалайды. Елордалық театрдың қойылымы Уильям Шекспирдің мәңгі өлмес шығармасына негізделген. Апалы-сіңлі – Бьянка мен Катарина. Біріншісі нәзік қарапайым болса, екіншісі қыңыр. Екеуі де троптивая Катарина – кісі қызығарлық қалыңдықтар. Алайда, Бьянканың жігіті көп болса, Катаринаға олар жолай алмайды. Тек Петручио ғана... ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, Тұңғыш Президент қоры – Елбасы сыйлығының лауреаты Дәурен Серғазин күлкіге толы комедияны көпшілікке ұсынады.
[embed]https://youtu.be/LsOC2oTdmcY[/embed]Ақтауда қойылатын мәдени бағдарлама аясында концерттер де өтеді. 27 мамырда сағат 17.00-де Абай Құнанбаев атындағы Мәдениет сарайында «Астанадан ақ тілек» гала-концерті өтеді. Ақтаулықтар Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымдарының шығармашылығымен танысады. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Қазақ оркестрі, эстрадалық биғ «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, эстрадалық, классикалық және халық вокалы солисттері өз өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар, Клара Төленбаева, «Арт-Домбыра»триосы, Ринат Малцагов, Күләйым Қайырбаева, Айгүл Қосанова, Алмас Кішкенбаев, Тамара Асар сынды қазақ эстрадасының танымал артистері Астанадан жалынды музыкалық сәлем жеткізеді.
Бұл шараларға қатыса алмаған жұртшылық сол күні кешкі сағат 20.30-да жағалауда өтетін «Астанадан ақ тілек» атты Open Air концертте сүйікті орындаушыларының өнерін тамашалай алады. Музыкалық кеш жүргізушілері – Азамат пен Антон.
Астананың Ақтаудағы мәдени күндері 28 мамырда сағат 19.00-де Абай Құнанбаев атындағы Мәдениет сарайында «Елордадан елге сәлем!» концертімен аяқталады. Ақтау тұрғындары Қазақ оркестрінің музыканттарының, «Шалқыма» халық биі ансамблінің, эстрадалық, халық және классикалық вокал солисттерінің өнерін тағы да бір тамашалайтын болады.