Ақтау қаласында алғаш рет Холокост құрбанына айналған, миллиондаған адамның қайғылы тағдырын күнделігіне сыйғыза білген кішкентай қыз – Анна Франктың өміріне арналған «Анна Франк. Тарих сабақтары» атты көрмесі өтті.
Жылжымалы тарихи көрмені «Фридрих Эберт» қорының қолдауымен Қазақстанда «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры ұйымдастырды. «Анна Франк. Тарих сабақтары» – 2015 жылы бастау алған, еліміздің бірқатар қаласында өткізілген білім бағдарламасы. Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Өскемен, Павлодар қаласында өткен көрме енді Ақтау қаласында ашылды.
Тағдыр тәлкегіне түскен еврей қызының отбасымен бірге Германиядағы нацистік тәртіптің салдарынан басынан кешкендерін баяндаған ауыр да қайғылы көрмеге ақтаулық жастар көптеп келді. Ұлтшылдықты халқын қорғауға емес, басқа ұлттарды жоюға пайдаланған Гитлердің қатыгез бұйрықтарынан қан жұтқан еврейлердің елден қашып, басқа мемлекеттерде пана тапқаны, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистердің бейбіт елдерге баса көктеп кіріп, жаулап алғаны, Анна Франктың отбасымен бірге қуыстай баспанада жасырынып, күн сайын құдайдан аман қалуды тілегені, жаулардың баспананы тауып алып, жасырынған жазықсыз жандарды тұтқындауы, ажал лагерьлерінде көрген қиянаттары, нәубеттері, жас қыздардың ауыр қазасы - бәрі-бәрі көрмеде егжей-тегжейлі баяндалады. Мұндай қорқынышты заманды көрген қыздың тағдыры ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Жастар бойжеткеннің жазған күнделігі арқасында ұлттардың теңдігін, халықтардың достығын, бейбітшіліктің құндылығын, маңызын ұғынғандай. Мейірімділік, ізгілік, махаббат – әлемді құтқаратын басты қасиеттер екенін сезгендей болды.
«Әлемді күнделігімен ізгілікке шақырған еврей қызы туралы көрме дүниенің түкпір-түкпіріндегі 60 мемлекетте өткізілді. Америка, Канада, Қытай және басқа да Еуропа елдерінің 12 миллоннан астам адамы көрмемен танысып, әлем тарихының қаратаңбасы болған Холокост құрбандарының тағдырын көрді, естіді, сезді. Көрме Нидерланды елінің Амстердам қаласындағы «Анна Франк үйі» атты әлемге танымал музейінде дайындалды. Бойжеткен отбасымен бірге бас сауғалап, панада жасырынған кезінде 2 жыл бойы қолынан қалам тастамай, өзі және замандастары өмір сүрген қараңғы, зұлым әлемді көрсетіп, жарқын әрі бейбіт болашақтан үміт күтіп, жұдырықтай жүрегіндегі қорқынышты, үрейді сейілтіп, шерін тарқатып күнделік жазған. Бүгінде ол күнделік – миллиондаған адамның тағдыры көрсетілген маңызды құжат іспеттес. Біз осы көрме арқылы жастарға адамзаттың басты құндылықтары – бостандық, теңдік және демокра- тияның маңызын көрсетіп, ұлттардың барлығы тең екендігін, дін, діл, ұлт, жынысқа бөлінбей, достықта, бейбітшілікте өмір сүру қажеттігін айтқымыз келеді. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет болғандықтан, бұл тақырып біз үшін өте өзекті. Көрмеге келген жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан біз оларды жақсылыққа шақырып, жамандықтан жирендіруді мақсат тұттық. Мейірімді, адамгершілігі мол, кішіпейіл, сыпайы болуға шақырдық. Барлық халық бір-біріне демеу болып, қолдап жүрсе, ұлттар достығына ешқандай сызат түспейтінін жеткізуге тырыстық», – дейді ұйымдастырушы, «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының атқарушы директоры Елена Швецова.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда діни ахуал тұрақты, ал имамдардың жағдайы қалай?Көрме Ақтауда 1 ай бойы жұмыс істемек. Онда арнайы дайындықтан өткен 40 жас көрмеге келушілерді Аннаның тағдырымен таныстырады.
Анықтама үшін: Анна Франк – Холокост кезінде қаза тапқан еврей қызы. Панада жасырынған қыз күнделік бастап, онда өзінің уайымын, күйзелісін, үрейін, өмірге деген шексіз сүйіспеншілігін, зор үмітін жазған. Кейін күнделік бұл нәубеттен тірі қалған әкесіне беріледі. 1947 жылы күнделік тұңғыш рет Нидерланды елінде кітап болып басылады. Одан соң кітап әлемге танымал болып, түрлі тілдерге аударылады. Анна Франк – тарихта өшпес қолтаңба қалдырған, бейбітшілікті армандаған бойжеткен.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген автор