©
Бейнеу аудандық сотында үш адам қаза тапқан жол-көлік апатына қатысты сот үкімі шығып, айыпталушы 5 жылға бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 18 ақпан күні «Ақтау - Шетпе - Сайөтес - Бейнеу - Доссор» автожолының 449/353 шақырымында «Ман-19360» маркалы автокөлік пен «Тойота-Хайлюкс» маркалы автокөлік соқтығысқан болатын.
Жол-көлік апатының салдарынан «Тойота-Хайлюкс» көлігінің үш жолаушысы оқиға орнында қаза тауып, екі адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен Бейнеу аудандық орталық ауруханасына жеткізілген еді.
Сотта «Ман-19360» маркалы автокөліктің жүргізуші көлікті орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды. Сотталушы К. есімді азамат Ақтау қаласынан Бейнеу селосы бағытындағы жолдың №449/353 шақырымында рөлді басқара алмай, жолдың қарама-қарсы жүріс бөлігіне шығып кетеді. Сөйтіп, «Тойота-Хайлюкс» көлігіне соғып, оның үш жолаушысы оқиға орнында есін жимастан қайтыс болған. Тағы бір жолаушысы жеңіл дене жарақатын алған.
Бейнеу аудандық сотында К-ге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігімен қылмыстық іс қаралды.
Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сот үкімімен К. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 346-бабының 5-бөлімімен кінәлі деп танылып, Қылмыстық Кодекстің 55-бабының 2,6-бөліктері негізінде оны 10 жылға көлік жүргізу құқынан айыра отырып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.