Ел басына күн туған қилы кезеңдерде елім, жерім деп өткен ерлер ержүректілік пен қайсарлықтың, шыдамдылықтың үлгісін көрсетіп, келер ұрпағына Тәуелсіздікті тарту етті. Батыр бабаларымыздың бойына сіңген ұлттық рух қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға, жауға қарсы тұруға, ұлан-ғайыр жерімізді, еліміздің тұтастығын қорғауға жігер берді. Жоңғарларға қарсы шайқаста жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған ержүрек батырларымыздың ішінде Шотанның есімі ерекше аталады.
Жуырда редакциямызға келген жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек ерлігі ел аузында аңыз боп қалған Шотан батыр туралы деректі фильм түсіріп жатқанын жеткізді.
– Бұл телестудия түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, тарихи тұлғаларын таныту, насихаттау бағытында жұмыстанады. Ашылғалы бері 30-ға жуық деректі фильм түсірдік. Ғылыми негізде ізденіп, түсірген «Бекет ата жолымен» және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы фильмдеріміз халықаралық жүлделерді иеленді. «Бекет ата жолымен» атты туындымызға кезінде заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев өз бағасын берді. Қазіргі уақытта есімі жоңғарларға қарсы соғыста ғана емес, Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістерде де аталатын Шотан батыр туралы деректі фильм түсіру үстіндеміз. Би әрі батыр ретінде тарихта аты қалған Назардың ұлы, көзсіз ерлік көрсеткен, бас сардар болған батырға арналған фильм 40 минутты қамтиды. Түсірілім алдында Шотан батырдың ұрпақтары Әлібек Дүйсенмен, Мұратбек Сардарбековпен бірге батыр жерленген Сисем ата қорымына барып, құран бағыштадық. Бас сардардың тұлпарының тұяғы тиген жер Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы батырдың есімі мен аталып кеткен тауға арнайы ат басын бұрдық. Онда ауылдың ақсақалдарымен кездесіп, деректерді сұрап біліп, мағлұматтар алдық, – деді фильмнің авторы әрі режиссері Доқтырхан Тұрлыбек.
Оның айтуынша, қазіргі таңда деректі фильмді түсіру жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Мамыр айының орта тұсында Маңғыстауда Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының әртістерінің қатысуымен Шотан батырдың ерлігін көрсететін эпизодтар түсіріледі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Cанына сай сапа болса– Бұл жұмысымызға Маңғыстау облысының әкімдігі мен театр басшылығы қолдау білдіріп отыр. Бұл деректі фильмге бірнеше күн бұрын ғана Ресейдің Орынбор қаласынан табылған тың деректерді де қосамыз. Ер Шотанның есімі жаңғырып, ел есінде қалуы үшін, келешек ұрпаққа үлгі болуы үшін ескерткіш қойылса немесе оқу орындарына есімі берілсе деген тілегім бар, – деді автор сөз арасында.
Биыл көрерменге жол тартатын деректі фильмнің тұсаукесері Ақтауда және Алматы қаласында өткізілмек.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН