©
Табиғатты түлетіп, төңірекке нұр көмкеріп келген көктем мезгілі көпшілікті шаттыққа бөлеп, жаңаша серпін сыйлауда. Жасампаздықпен жаңарудың мерекесін тойлау өңірде 13 наурызда басталып кетеді.
13 бастау алған Амал мерекесі жылдағы дәстүр бойынша Отпан тауда кең көлемде аталып өтуде. Маңғыстаудың биік нүктесі Отпан тауда аталмыш мерекеге сақадай сай дайындықпен Адай ата ұрпақтарының ұйымдастыруымен Амал мерекесін тойлауға барша жұртшылық жиналды.
Амал мерекесі – тек мейрам ғана емес, ол табиғаттың түрленіп, жаңаруы. Бұл халық арасындағы келісімді насихаттап, бірлікпен ауызбіршілікке шақыратын айтулы мереке. Бұл күні қазақтың қаймағы сақталған, еңсесі биік, салт-дәстүрі тереңде жатқан Маңғыстау жұртшылығы бір-бірімен көрісуге шығады. Оның мәні-жаңа жылға аман-есен жетіп, төрт көз түгел жүздесу. Сондай-ақ үлкендерге арнайы барып көрісу, арадағы өкпе-ренішті ұмыту, кешірім сұрау - осы күні көрініс табады.Қалыптасқан үрдіспен Маңғыстаудың көпшілігі Амал мейрамын Отпан тауда қарсы алды. Әр жылда Адай Ата ұрпақтары бір-біріне эстафетаны жалғастырып отыратын үлгілі шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғалымдар, өлкетанушы, тарихшы, көптеген қонақтар мен туристер бас қосты.Қонақтарды күту, ұлттық ойын-сауық, ән-жыр сайыстарын насихаттап өткізу жыл сайынғы Адай Ата ұрпақтарының әр ауылына міндеттелген. Бұл жылы шараны ұйымдастыру Құнанорыс руына бұйырып, абыроймен атқарып жатқандығына куә болдық. Қазан қайнап, әдемі ұлттық нақыштағы киімдерді киген келіндердің шашбауы сылдырлап сәлем салып, үлкендердің бір-бірімен көрісіп, тілек жаудырған сәттері тым ерекше көрініс.
Отпан таудағы мерекеде көптеген шаралар ұйымдастырылып, көпшілік атсалысқан. Бұның өзі ауызбіршілікпен татулықты аңғартады. Көтеріңкі көңіл күйде жүрген халық шараларды тамашалап үлгерер емес. Себебі ана тұста концерт, келесі тұста ат жарыс, ұлттық ойындар ойнатылып, мерекенің сәнін келтіріп тұрғандай. 2 күн тойланатын аталмыш мерекенің тәлімі мен тарихы тым тереңде.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН