©
Бұл туралы БАӘ-де Қазақстан делегациясының қатысуымен өткен бизнес-форумда айтылды.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастаған Маңғыстау делегациясының БАӘ-ге іссапары аясында Ақтау мен Дубай арасындағы жаңа әуе қатынасы туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатта Маңғыстау облысы мен Дубай қаласы (БАӘ) арасында байланыс орнату және дамыту үшін қолайлы жағдай жасау көрсетілген. Fly Dubai 2018 жылдың қазан айынан бастап 2018-2019 маусымына жоспарланған жаңа Дубай-Ақтау-Дубай рейсін ашады. «Ақтау халықаралық әуежайы» АҚ тиісті әуежай мен жердегі қызметтерді ұйымдастыруға, сондай-ақ тиімді баға саясатына қолдау көрсетеді. Бұл біздің өңір үшін тиімді болмақ. Өйткені рейс ашылған соң БАӘ-ге Қазақстаннан және шекаралас елдерден (Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан) Ақтау арқылы баратын туристердің саны артады.
-Ақтаудан Дубайға тікелей әуе қатынасы ашылғаннан кейін Ақтөбе, Атырау, Орал, Қызылорда сынды көршілес қалалардың тұрғындары да бұл мүмкіндікті пайдаланбақ. Бұл қалалар мен Ақтау арасында күнделікті рейстеріміз бар. Жолаушылар осында келіп, 1-2 сағат күтіп, сапарларын әрі қарай жалғастыра алады. Өйткені Ақтау – Қазақстан бойынша үлкен хаб болып есептеледі, бірнеше шет мемлекетпен әуе байланысы бар, - дейді «Ақтау Халықаралық әуежайы» АҚ директоры Ерғазы Жолдасов.
Flydubai әуекомпаниясы 2008 жылдың шілдесінде Дубайда құрылған. Компания 4 шілде күні Фарнборда америкалық әуе-құрылыс корпорациясымен Boeing ұшақтарын алу жөнінде келісім шарт жасасқан.
Келісім шарт бойынша ең алғашқы рейс 2009 жылы 17 мамырда қойылып, 1 маусымда Дубайдан Бейрут (Ливан) және Амманға (Иордания) ұшырылды. Flydubai әлемнің 44 еліне 96 бағыт бойынша қатынайды.
Айта кетейік, БАӘ мен Ақтау арасындағы рейсті ашу жөніндегі келіссөздер 5 жыл бұрын басталған.
-Біз Қазақстанның батысындағы барлық қаланың және Қызылорда қаласының жолаушыларын Ақтауға жинамақпыз. Осы жерден оларды БАӘ-не шығарып салатын боламыз. Рейстің нақты ашылуын араб компаниясы күзгі маусымға қарай жоспарлады. Нәтижесінде Ақтау-Дубай тікелей рейсінің ұшырылуы 28 қазанға белгіленді, - деді «Ақтау Халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары Меруерт Жолдыбаева.
Жалпы Ақтау халықаралық әуежайындағы сыртқы рейстер саны – 14, ішкі рейстер – 11. Оның ішінде Түркия, Әзірбайжан, Ресейдің бірнеше қаласы, Грузия бар. Мүмкіндік болса, жақында Түркменстанмен де келісім жасалып, әуе байланысы іске қосылмақ дейді мамандар.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ