©
Ақтауда «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының Маңғыстау облысы әкімдігімен бірлесе өткізген «Жасыл көшбасшылық» атты жобасы аяқталды.
«Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осиннің айтуынша, 1 ақпан мен 2 наурыз аралығында мектептерде көшбасшылық пен шешендік өнер бойынша тренингтер ұйымдастырылып, оқушылар мен олардың ата-аналарының қатысуымен макулатура жиналған.
Осы уақыт аралығында оқушылар 9017 келі макулатура жиналыпты. Бұл 90 ағашты кесуден сақтап, 180 000 литр суды және 9000 кВт энергияны үнемдеумен бірдей. Ең бастысы, бұл – қоршаған ортаға зиянды СО2 (көмірқышқыл газы) тасталымын 15 300 келіге азайтумен тең.
Жоба соңында финалға жеткен үш мектеп ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ұйымастыру алқасының шешімімен 5474 келі макулатура жинаған Назарбаев зияткерлік мектебі мен 2815 келі қағаз жинаған №6 мектеп бірінші орынға лайық деп танылып, 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал 728 келі макулатура жинаған №7 мектепке 20 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлық табысталды.
«Жиналған қалдық қағаздар «Эко+КЗ» ЖШС және «Eco Waste Aktau» ЖШС берілді. Олар өз кезегінде макулатураны сұрыптап, Қазақстанның басқа өңірлеріндегі өңдеу зауыттарына жіберетін болады», - деді К. Осин.
К.ОҢҒАЛТАЙ, Суретті "Эко Маңғыстау" ҮЕҰ ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49486,49485,49483"]