Еуразияның төскейін алып жатқан ұлан-байтақ Қазақ елі басын асқар Алтайға жастанса, ал табанын Каспийдің толқыны шайып жатыр. Бұл ел ғасырлар бойы ұлы оқиғалардың: халықтар мен тайпалардың қоныс аударуының, әскери-саяси қақтығыстардың, сонымен бірге түрлі мәдениет пен өркениетті бойына сіңіре білген, үрдісі үзілмеген көшпелі өмірдің куәсі болды. Сондықтан да бүгінгі Қазақстан жері мәдени-тарихи жәдігерліктерге орасан бай. Десе де олар әлі де толыққанды танылған жоқ, тіпті археологтардың өзі де оның қыр-сырын жетік біле бермейді.
Бүгінгі таңда мұндай қайталанбас құнды тарихи-мәдени мұраларымызды жан-жақты ғылыми зерттеп қана қоймай, көздің қарашығындай сақтап, кеңінен насихаттау керек-ақ. Ол бір жағынан жаңа дәуір мен өткен мыңжылдық тарихымыздың сабақтастығын бекітіп, еліміздің еңсесін тіктеп, рухы мен мәртебесін көтеріп, ұлттық санасы мен па- расатын шыңдаса, енді бір жағынан өзге шет жұрттарға еліміздің өзгеше бітімді өнері мен мәдениетін танытуға, даңқын асырып, атын аспандатуға септігін тигізері даусыз. Тек сырт көзге ғана Маңғыстау меңіреу дала болып көрінеді, бірақ мүлгіген тыныштық жоқ мұнда. Ал шындығында оның ой-қыры, сортаңды, құмайт, шөлді қыраттары ат жалында ойнаған жауынгер көшпелілердің құтты мекені, киелі тұрағы ретінде ұрпақтарына аманат болып қалды.
Әр тозаңнан етіңе қан тиеді,
Ой мен қырда сан зират, сан киелі.
Сүйінқара жерленген, Шотан, Қонай –
Сисем ата – адайлар пантеоны – деп Сайын Назарбекұлы ағамыз тегіннен-тегін жырламас болар. Заттық мәдениет ескерткіштерінде сол ұлттың тағдыр-талайы, оның дүниетанымы мен идеологиялық түсініктері көрініс табады. Соның бірі ретінде Маңғыстаудағы ең ірі және ескі қорымдардың бірі – Сисем ата қорымы.
Қорым Өтес селосынан 35 км солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. Қорым туралы алғашқы деректер осы өлкеге 1825-1826 ж.ж. келген орыс әскери экспедициясының басшысы, полковник Ф.Бергтің күнделігінде «Бұл конус тәріздес жер-тас үйінділерінен тұратын қасиетті қорым, алуан түрлі сәулет пішіндерінің біртұтастығы сақталғанына қарағанда, қорым жергілікті түрікмендердің немесе осы түбекке алғаш табан тіреген қырғыздардікі (адайлар) болуы мүмкін» деп көрсетілген.
Сисем ата қорымы тарихи-мәдени кешенінде бірнеше ғылыми-зерттеу экспедиция- лары зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олар 1977 жылы Әбен Итеновтің басшылығымен жұмыс істеген Қазақ ССР Мәдениет министрлігі жанындағы сәулетшілер экспе- дициясы, келесі экспедиция 1979 жылы М.С.Нұрқабаевтың жетекшілігімен ұйымдастырылған.
Сисем ата қорымындағы ескерткіш – белгілер әр кезеңнің өз дәстүріне лайықты үлгіде тұрғызылған. Олар – негізінен күмбезді тамдар, сағанатамдар, құлпытас, қойтастар, бестас, арқартастар, т.б. Қорымдағы ескерткіштердің жақсы сақталуы, неше түрлі ою-өрнектермен безендірілуі халық сәулетшілерінің шеберлігін көрсетеді.
Қорымдағы мазарлар өздерінің құрылыс ерекшеліктеріне қарай үш түрге бөлінеді. Олардың біріншісі – өңделмеген әктастың ірі көлемді кірпіштерінен, сазды балшықпен қиюластырып тұрғызылған мазарлар. Олар өте көлемді, үстіне конус тәрізді, жалған күмбез әдісімен салынған күмбез орналасқан. Кіреберіс ойықтарының жоғары жағын доғал етіп салған.
Мазарлардың екінші түрінің қарсы беті көлемді ұлутас плиталарымен қапталған. Күмбезі ұлутаспен қапталмаған. Күмбез төбесіне қиылған сүйрік ұш орнатылған.
Мазарлардың үшінші түрі шамамен ХVІІІ-ХІХ ғасырларға жатады. Бұл уақытта салынған мазарлардың қабырғасы араланған кесектер мен блоктардан тұрғызылған. Бұл кезеңде салынған күмбездердің тұрпаты әсемденіп, араланған кесектерді пайдаланудың негізінде, көбірек дулығаға ұқсай бастаған. Тас бетінде бедерлі тас қашау әдісімен жасалынған өрнекті безендіру элементтері пайда бола бастайды. ХVІІІ ғасырда тұрғызылған сағанатамдардың қабырға құрылысы, безендірілу әдісі де сол кездегі мазарлардан өзгешеленбейді.
Бүгінгі күнгі Сисем ата қорымында жүздеген әртүрлі ескерткіштер түрін көруге болады. Зәулім күмбезді мазардың жанында өте қарапайым, тіпті жерге жай ғана қадай салған, өңделмеген тастан тұрғызылған тас белгілерді көруге болады. Осыған дейін жасалынған ескерткіш паспортына сәйкес қорымда барлығы 1328 сәулетшілік ескерткіштері санаққа алынған, оның ішінде 24 күмбезтам, 138 сағанатам, 81 құлпытас, 159 қойтас, 1 қошқартас, 129 сандықтас, 133 тас қоршау, 3 бедерлі тас, 70 тас үйінді, 236 тас белгілер, 286 кіші сәулетшілік құрылыстар бар.
Сисем атаға қашанда алыс-жақыннан іздеп келіп түнеуші – зиярат етушілер көп. Сисем атаға түнеу үшін әуелі Әз-әулиеге тәу ету дәстүрі қалыптасқан. Әз-әулие – Сисем атаның құбыла тұсындағы төбешік басындағы қорым. Айтушылар Әз-әулиені Сисем атаның анасы деп есептейді. Сондықтан осында тәу етіп барып, Сисем атаға түнеу дәстүрлі әдетке айналған.
Сисем атаның қай дәуірде өмір сүргені жайында анығырақ дерек жоқ. Ел аузында сақталған аңыздарға қарағанда, Сисем ата орта ғасырларда оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен. Өз заманында ел арасында алғашқы болып ислам дінін, мұсылманшылықты уағыздаушылардың бірі болған делінеді.
Батыс Қазақстанның халық сәулет өнерін зерттеуші М.Меңдіқұлов зерттеулері бойынша қорымның пайда болу уақыты шамамен ХІ-ХІІ ғасырлар кезеңдеріне жатқызылады. Ежелгі бөлігінің айналасында, солтүстік-оңтүстік бағытта дамыған қабірүсті ескерткіштерінде түрлі таңба-бейнелер мен дәстүрлі ою-өрнектер түсірілген, сызба суреттердің тарихы қыпшақ-ноғай дәуірлеріндегі саяси оқиғаларды меңзейді. Сисем ата бейіті – біздің уақытқа дейін алғашқы қалпын сақтаған мемориалды-ғұрыптық сәулет өнерінің үлгісі және тас өңдеу өнері ескерткіштерінің бірден-бір сирек кездесер кешені. Қорым Маңғыстау өңірінің құрылыс-сәулет өнерінің дәстүрі, діни сенім мен халық дәстүрлерінің біте қайнап жатқан даму өзгерістерін көрсетіп бере алады. Қорым сәулеттік көркем құндылығынан өзге, тарихи құндылыққа да ие. Қорымның тарихы тым ертеден басталады. Адайларды осы өңірге алғаш орналастырушы жолбарысшылардың, батырлардың, билердің бай-мырзалардың бейіттері осы қорымда. Сисем ата қорымы – батырлар пантеоны саналады, мұнда Адай тайпасының небір асыл, ардақты азаматтары Кенжеұлы Қонай батыр, Есенұлы Сейіт би, Ырысалыұлы Жанұзақ батыр, Әнетұлы Төлеп батыр, Жары Үргешбайұлы Сүйінқара би-батыр, Төлепұлы Мәмбетнияз би-болыс, Боққараұлы Байбоз, ру басылары Жанбозұлдары Өтеулі, Жаманқара, Матай, Өтеғұл Зорбайұлы, Адайдың 3 назарының бірі Ескелді Саназар Құдайназарұлы, байсақи болған Бегей Дәуілдір Қозыбақұлы, Сеңгір Дәуілдірұлы, Жарылғап Сеңгірұлы, Назар Жарыұлының атақты 4 баласы (Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген), Қаржау Төлекеұлы, Қожаназар бай Жаңайұлы, Әнет би Текейұлы, т.б. жерленген. Осындағы орналасқан аты жоқ күмбезтам Сисем ата зираты, халық аңызында мерзімделген ескерткіштерге сай, шамамен қыпшақ-ноғай кезеңіне, яғни Алтын Орда уақытында пайда болған делінеді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 18 үй жануарынан құтыру ауруы анықталдыМаңғыстау өңіріндегі ХVIII-ХХ ғ.ғ. басы кезеңдерінде кең дамыған дәстүрлі сәулет өнерінің көрнекті туындылары саналатын қорымдағы бірқатар сағана-күмбездерді өл- кемізге белгілі «тастан түйін түйген» шебер Жылқыбай Доралұлы және Тұрлымұрат Сатыбалдыұлы, Сақи ұлдары Дүйсенбай, Ордабай, Еңсе, Қозыбақ, Қаражүсіп ба- лалары т.б. жергілікті тас шеберлері шығыстың сәулет өнері үлгісін қолдана тұр- ғызған. Маңғыстау және Үстірт өңіріне тән Сисем ата қорымы аймақтағы ежелгі қорымдардың арасында сақталу деңгейімен ерекше. Діни-мемориалдық кешенде тас ою өнерінің алуан түрлі үлгілері кеңінен шоғырланған. Сисем ата қорымы – өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрлері, діни дүниетанымдары мен әлеуметтік-саяси даму үрдістерінен деректі мағлұмат беретін құнды ескерткіш. Қорым тарихи-сәулет ескерткіштерінің ансамблі ретінде 1982 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынған. Сисем ата басына төңкерістен соңғы жылдары арнаулы түнеухана салынған. Ол үй сұлбасы сақталған. Бертінде жаңа үлгідегі қонақ үй салынды. Қорымның солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде қазіргі заман құрылыстары көптеп пайда бола бастаған болса, ескі құрылыстардың көбісі қираған күйде тұр. Осыған байланысты 2006 жылы қорым аумағында «Маңғыстауреставрация» мекемесімен бірге «Күмбез» жобасы бойынша қалпына келтіру жұмыстары жа- салынып жатыр. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасының құндылығы мен маңыздылығын бұзбай тарихи зерттеулерді тың қарқынмен қолға алуға Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен шыққан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Бүгінгі күні осы ұлттық идеяны жаңғырту нәтижесінде жалпыұлттық мазмұны негізінде Сисем ата қорымының сакралды маңызы артып отыр. Көпшілік халық осы күнге дейін өз жақындарын осы мазар төңірегінде жерлегенді құрмет санайды, сондықтан әкімшілік тыйымдарға қарамастан, қорым аумағы әлі күнге ұлғаюда.
Қазір Сисем ата қорымы халықтың материалдық мәдениетінің озық үлгілері шоғырланған жәдігерлік орын ретінде бағасын алып, зерттеуші ғалымдардың, саяхатшы туристердің назарын аударуда. Ертеңгі күннің ел тізгінін қолына ұстар жас ұрпақ санасына ізгіліктің дәнін егіп, рухани адамгершілік құндылықтарын арттыруға бұл ескерткіштің рөлі зор. Осыған орай ата-бабаларымыздан сақталып жеткен тарихи- мәдени мұраларымыздың маңыздылығын сақтап, бағалап, аса зор құрметпен әлемге таныту туған жерін, елін мақтан ететін барша азаматтардың міндеті деп тұжырымдаймын.
А.ЯРИХАНОВА, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ бөлім меңгерушісі