©
Кооперативке бірігу арқылы шаруа қожалықтарының мемлекеттен 50 пайызға дейін субсидия алуға және 19 миллион теңгеге дейін несие алуына мүмкіндігі бар. Былтыр Маңғыстау облысында 20 кооператив құрылған. Бұл туралы бүгін өңір халқы алдында есеп берген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов айтты.
- Бұл - ауыл шаруашылығын дамытуға жасап отырған үлкен мүмкіндіктердің бірі. Кооператив бір теңге ақша салса, мемлекет оған 15 теңге қосып беруге мүмкіндігі бар, - деп атап өтті облыс әкімі.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында мал шаруашылығында 1200, егін шаруашылығында 130 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Тіркелген ірілі-ұсақты мал басының саны - 500 мың.
- Кездесулерде тұрғындар тарапынан мал жайылымдарының жағдайы, мал мен егінжайларды суару және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге қатысты сұрақтар көтерілді. Осындай мемлекеттік қолдауларды қажетті деңгейде ақпараттандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Кездесулер кезінде ауыл азаматтарының мұны білмей жатқанын көрдік. Оған байланысты арнайы тапсырмалар беріліп, медиа-жоспар жасалды. Әрбір ауыл азаматының қолында несиенің көлемі, берілетін субсидияның түрлері туралы ақпарат болуы керек, - деп атап айтты Е. Лұқпанұлы.
Сонымен қатар, облыс басшысы шаруаға сатып алынған әрбір асыл тұқымды ірі қара мал басына 150 мың теңге, жылқы мен түйеге 100 мың теңге, қой үшін 20 мың теңгесі қайтарылып берілетінін айтты. Шарт асыл тұқымды болуы тиіс. Сонымен қатар, шаруаның құдық қазуға кеткен шығынының 80 пайызы, жем-шөп, тыңайтқыш сатып алуға кеткен шығынының 50 пайызы қайтарылып беріледі. Бұл - ауылшаруашылығымен айналысатындарға берілген мүмкіндік.
- Ауылдық кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір құралы – шағын несиелер беру. Жыл басында осы мақсатқа бюджеттен 490 млн. теңге қаржы қарастырылды. Шағын несиеге кәсіпкерлер тарапынан сұраныстың көптігі ескеріле отырып, республикалық бюджетке қосымша тағы да 1,5 млрд.теңгеге өтінім беріліп, қолдау табылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 есе көп. Ауылдық жерде шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек нарығын трансформациялау мақсатында біз ішкі резервтер есебінен «ДАМУ» қорымен бірлесіп қаржыландыру көлемі 2,7 млрд. теңге болатын «Нұр капитал» жобасын іске қостық. Жаңа жоба бойынша ауыл кәсіпкерлері 1% мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндігі бар», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жергілікті бюджеттен 2017 жылы өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын көтеруді субсидиялауға – 58,5 млн. теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімін өндіруді және өткізуді қолдауға – 50,8 млн. теңге бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Ақтау қаласында облыс әкімі жұртшылық алдында есеп беріп, 2017 жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Кездесу барысында облыстық телеарна мен әлеуметтік желілерден тікелей эфир өтті. Тұрғындардың сұрақтарын қабылдау үшін арнайы call-орталығы жұмыс істеді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="48872,48871,48870"]