- Шетпе, Құрық ауылдарында орталық кітапхана салу жоспарланған. Жармыш, Атамекен, Рахат, Маңғыстау ауылдарында клубтар салуды жоспарлап отырмыз, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгін Ақтауда өткен халықпен кездесуінде.
Облыс басшысының айтуынша, мәдениет саласында клубтардың деңгейі бойынша Маңғыстау өңірі облыстар арасында төменгі орында.
Осы жыл мәдени шараларға мол болмақ. Олар - Астана қаласының 20 жылдығы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығы.
Маңғыстауда республикалық деңгейде ақындар айтысын жалғастыру да қолға алынбақ. Ералы Лұқпанұлы өлкемізде "Алтын домбыра" ақындар айтысын өткізілуі мүмкіндігін айтты. Сондай-ақ Амал мерекесі қарсаңында бір ай бойы "Асар" қайырымдылық шарасы өткізіледі. Маңғыстау облысының 55 жылдығы, мұнайшылар қаласы Жаңаөзеннің 50 жылдығы, Маңғыстау ауданының 90 жылдығы, Қарақия ауданының 45 жылдығын мерекелеу де жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр облыста 2079 әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шара өтті. Мәселен, 15-18 тамызда ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің аясында Астана қаласындағы Маңғыстау облысының Мәдениет күндері болып өтті. Сонымен қатар Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған Каспий маңы елдерінің I Халықаралық театр фестивалі, Ұзақбай Қазжанұлының 120 жылдығына арналған «Жүйрігің едім өнерлі!» атты жыршылар конкурсы және Тұңғыш Президент күніне арналған «Рухқа–ұран, ұлтқа – қорған!» атты ақындар айтысы өтті.