Ақтауда өткен фермерлер конференциясында Қазақстан фермерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша өкілі, «Агророст» фермерлер мен шаруа қожалықтары қоғамдық ұйымының өрайымы Нұрсәуле Жайынбаеваның баяндамасы тыңдалды. Іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының ауыл шаруашылығына бағытталып отырған үшінші міндетінде аграрлық саясаттың еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керектігін баса көрсеткен болатын. Шыны керек, бүгінгі таңда экспорт түгіл ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін бар мүмкіндікті пайдаланбай отырғанымыз рас. Аймағымызда 17 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан «Агророст» фермерлер мен шаруа қожалықтарының қауымдастығының бұл бағытта істеп жатқан іс-әрекет, талпынысы көңіл марқайтады. Табиғаты қатал, суы қат әрі қымбат өңірде мал өсіру, егін салу оңай іс емес. Десек те, тәуекелдің «жез қайығын мініп», іскерлік танытып, табыс тауып жүрген кәсіпкерлер қатары жыл санап көбейіп келеді.
- Естеріңізде болар, тамшылатып суару технологиясын 2004 жылдан бастап насихаттап, семинарлар, форумдар өткіздік. «Біздің өңірге қол емес» деп алғашқыда қызығушылық танытпағандар да болды. 2006 жылы қауымдастықтың «Аджип» компаниясының қаржылай қолдауымен пилоттық жоба аясында 1,5 гектар жерге қияр отырғызылды. Тамшылата суару технологиясын пайдаланып, 37 күн ішінде 100 тоннаға жуық өнім алып, нәтижесін көргеннен кейін егін шаруашылығы толықтай осы жүйеге көшті. Қазір аймағымызда 1200 гектар жер тамшылатып суару технологиясын қолданып отыр, - деді Нұрсәуле Айсағалиқызы.
Баяндамада қауымдастықтың практикалық жобалардан бөлек жыл сайын акредитациядан өтіп, облыс көлеміндегі комиссиялардың, кеңестердің, жұмыс топтарының жұмысына, аудандардағы жайылымдық жерлерге қатысты сараптамалық қорытынды беріп отыратындығы, кәсіпкерлік палатасының өңірлік кеңесінің шараларына белсене қатысатындығы айтылды.
- Бұрынғы «Агросервис» кәсіпорны сатылымға шығарылып, біз заңға сәйкес оны сенімді басқаруға беруді өтінгенбіз. Осы аталған мекеме алдағы уақытта құрылмақ «Оқу-тәжірибе орталығымен» бірлесе жұмыс істегені дұрыс. Бірнеше жылдан бері фермерлерге кәсіби кеңес беретін орталықтың қажеттігін мәселе етіп көтеріп келеміз, - деді Қазақстан фермерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігінің Маңғыстау облысы бойынша өкілі Нұрсәуле Жайынбаева.
Баяндамашы бірнеше нақты ұсыныстарын да білдіре кетті. Кәсіпкерлік палатасы «Бастау» бағдарламасы аясында мал сатып алуға несие беріп жатыр. Бұл жақсы, әрине. Тұрғындар сол қаражатқа бір-бірінен мал сатып алуда. Дегенмен, малды асыл тұқымға айналдыру және ірілендіру үшін де малды басқа аймақтан алған дұрыс болар еді. Болашақта бізде де асыл тұқымды малды аукцион арқылы сату керек. Сонда ол малдың сүті, еті, жүні де жоғары сапалы, бағалы болады.
Қауымдастық көп жылдардан бері фермерлерге кәсіби кеңес беретін орталық қызметі керек екендігін мәселе етіп көтеріп келеді. Жылда егін саласымен айналысатын фермерлер түрлі қиындыққа кездесуде. Маңғыстауда жердің құнарлығы өте төмен. Оның үстіне минералдық тыңайтқыштар қолданылады. Себебі тек минералдық тыңайтқыштар ғана субсидиялауға жатады. Бау-бақша, көкөністер түрлі ауруларға шалдығатыны, зиянкестерден зардап шегетіні белгілі. Диқандар сосын амалсыз химиялық дәрілерді пайдаланады. Нәтижесінде жер тозады. Оның үстіне суымыз да минералды. Жердің тез тозуының осындай себептері бар.
- Елбасы айтқандай, ауыл шаруашылығын дамыту үшін ғылыми үдірістерге көңіл аударуымыз, топырақтың құрамын, сапасын тексеріп отыруымыз керек. Мұны тек мамандар ғана айыра алады. Агроөнеркәсіппен айналысатын елдерде оқу-тәжірибе орталықтары осы қызметті атқарып отыр. Біз үшін де осындай құрылым керек. Фермерлерге кәсіби мамандардың кеңесі, тәжірибе алмасу, жаңа технологиялар, нарыққа шығу туралы ақпарат қажет. – деп Нұрсәуле Айсағалиқызы ұсынысын да білдіре кетті.
Алдымен, аймақтағы көкөніс импортын 30-40 пайызға азайтуды міндетке алуымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы біз аймақты азық-түлікпен, жұмыс орындарымен қамтамасыз ете аламыз. Қаражаттың өңірде қалуына, адамдардың денсаулығы көрсеткішіне де өз үлесімізді қосатын боламыз. Болашақта Маңғыстау өңірін толықтай органикалық жүйеге көшіруге бағыт ұстаған жөн. Таза өнімдерге деген сұраныс қашан да жоғары.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығын дамыту тұжырымдамасын қолдап отыр. Жобаны жасарда проблемалар жан-жақты зерттелді. Консалтинг компаниялардан қойылған сұрақтар да аз болмады. Тұжырымдаманың жобасын барлық аудан, ауылдарды аралап, фермерлерге таныстырып шықтық, қолдау таптық. Жылда иновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін 019 бағдарламадан қаржы бөлінеді. Екі жыл қатарынан қаражат игерілмей кейін қайтарылып отыр. Осы бағдарлама бойынша бөлінетін қаражатты ауыл шаруашылық саласының өнім өндірушілері, оқу–тәжірибе орталығы жұмысын жүйелі түрде жолға қоюға тиімді пайдалануға болар еді. Негізінде осындай орталықтар арқылы ашылған жаңа технологиялар тез өндіріске енеді. Қазір біз Израильден келген картоп, сәбізді тұтынып отырмыз. Оларда екі су жүйесі тартылған. №1-көк құбыр-ауыз суға, №2-қызыл құбыр-тазартылған кәріз суы ауыл шаруашылық өндірушілеріне беріледі. Қайта өңделген су құрамы егінге, жем-шөп өсіруге қолайлы.
- Оқу-тәжірибе орталығына мемлекет қаржысы есебінен қолдау көрсетіледі. Мұндай құрылымның агросекторға жаңа технология енгізуге, агроөнеркәсіпті жоғары деңгейге көтеруге, агроуниверситет бітірген жастардың тәжірибеден өтуіне, ғылым саласына бейімделуіне де ықпалы бар. Бізде де ортақ су жүйесін құру керек. Қазір фермерлер дербес су ұңғымасын қазып, пайдаланып отыр. Тұщы су қоры азайып, тұздың көлемі артуда. Осы мәселені Оқу-тәжірибе орталығы, облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы және аудандық әкімшіліктермен бірлесе шешуге болар еді, - деп Нұрсәуле Жайынбаева ой-ұсыныстарымен бөлісті.
Агроаймақты қалай және қай жерде құруға болады. Мұның өзі үлкен жоба; 1 агроном 20-25 шаруашылықты қамтиды. Бау-бақша, жем-шөп өнімі, сүтті мал шаруашылығы агроаймақтары... Осыларды тек әр ауданның су көзін, климаттық жағдайын, топырақтың ыңғайына қарап, жобалауға болады. Мал басын асыл тұқымға айналдыруға, егін шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға септігі тиер мамандандырылған орталық керек. Елбасы қойған тапсырмаларды орындау мақсатында ауыл шаруашылық саласындағы кәсіби қауымдастықтың жаңа деңгейге көтеру үшін тікелей министрлік арқылы мемлекеттік қаржыландыру, әлеуметтік тапсырыс қажет.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда қазақ күресінен чемпионат басталды (ФОТО, ВИДЕО)
Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Сырымұлы өңірімізде мал шаруашылығын асылдандыру, көкөніс өнімдерін өсіру бағытында істеліп жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, кәсіпкерлердің талап-тілектері, ұсыныстарына қатысты ой бөлісті. Қазақстан фермерлер одағы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жақып Өмірзақов Парламентте ауыл шаруашылығына қатысты қабылданар заңдармен танысуға тым аз уақыт бөлінетіндігін, алдағы уақытта фермерлердің қойып жүрген проблемаларының ескерілуіне күш салатындығын жеткізді. Конференцияда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жемөндірісі бойынша департаменті директоры Ермек Абуов сөз сөйлеп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Басқосуда фермерлер мен шаруа қожалықтарына несие берудегі кедергілер де сөз болды. Мал шаруашылығы, көкөніс өсірумен айналысатындардың басым дені -зейнеткерлер. Зейнет жасына келгендерге несие беруге банктер ыңғай таныта бермейді. Сұрайтын құжаттарын жинау, қойылған талаптарын орындау да оңай емес. Субсидия мәселесінде де шешуді қажет етер түйін көп. Мал басын асылдандыру үшін әр басқа қаралған қаражат мөлшерінде түсініксіз тұстар көп. Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы республикадан бөлінген қаражатты өткен жылы игере алмады. Жер асты суының тұздалуы алаңдатып отырғаны тағы бар. Жиында фермерлер осы және басқа да көптеген проблемаларды көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Басқосуды қорытқан облыс әкімінің орынбасары Бекмұрат Жүсіпов субсидия сияқты жиі көтеріліп жүрген мәселені кейін арнайы кездесіп, талқылау жоспарда бар екендігін, көтерілген мәселе, айтылған ұсыныстардың зертеліп, зерделенетіндігін жеткізді.
Болат ҮМБЕТОВ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="47947,47948,47950,47949"]