©
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі: тарихи маңызы мен тағылымы» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараны ашқан «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Эльвира Абланова конференцияның мақсаты 1986 жылғы желтоқсанда КСРО мемлекетінің әміршілдік-әкімшілік саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп, демократия жолында құрбан болған қазақ жастарының ерліктерін үлгі ету, қатысушылардың естеліктерін тыңдау, шығу мақсатын, қойған талаптарын түсіндіру, жастардың, студенттердің Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттыққа тәрбиелеу екендігіне тоқталып өтті.
Конференцияның бірінші бөлімінде «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Светлана Еділханованың «Желтоқсан көтерілісі және оның тарихи маңызы» атты еңбегі мен аға оқытушы Елена Кильдякованың «1986 жылғы Желтоқан оқиғасы және оның бүгінгі Қазақстан тарихында алар орны» деген тақырыпта жасаған баяндамасы қазақ жастарының КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсылығы, оқиға барысы,себептері, нәтижесі, тарихи маңызы, еліміз тәуелсіздігінің бастауы, дербес ел ретінде құндылықтарымызға деген жаңаша көзқарас қалыптастыруға негіз болғаны жан-жақты зерделенуімен, өзіндік тың ойларымен, ғұлама-абызымыз Әбіш Кекілбаев, өзге де зерттеушілердің еңбектеріндегі құнды пікірлерді ұтымды пайдаланып, тақырыпты жан-жақсы тереңдете аша білуімен ерекшеленді.
«Тарих» мамандығының 1 курс студенті Бегалы Семирхановтың «Желтоқсан көтерілісінің қаҺарманы – Қайрат Рысқұлбеков» атты баяндамасы наразылық білдіріп, жастар мен студенттерге қосылып, бейбіт шеруге шыққан, орталық алаңда болған, кейін қудаланып, аяусыз жазаланған, құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков жайында мол мәліметтер жинақталғандығынмен, ол туралы баспасөз бетіндегі жарияланымдардың кеңінен қамтылуымен, оның шынайы азаматтық тұлғасының көрсетіле білуімен есте қалды.
Конференцияның екінші бөлімінде желтоқсан Желтоқсан көтерілісі бойынша деректі фильм көрсетілді. Ұйымдастырылған шара мазмұнын Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері – Григор Әубәкіров, Тоқтар Әжіғұлов, Айша Айтжанованың бастан кешкендері жайлы айтқан әңгімелері аша түсті. Үшеуі де бір түрмеде жатқан. Ұрып-соғу, сағын сындыру үшін жасалған небір қиянаттың түрін көрді. Айша апамыз автомат дүбімен соққан соққыдан, тергеу кезіндегі қиянаттан мүгедек болды.
- Поездға жасырынып отырып, елге жеттім. Ақтауда да маған тыныштық бермеді. Көресінді институтта өзіммен бірге оқыған, жақсы танитын, орысқолды Бейбіт деген тергеушіден көрдім. Ұзын шашым бар еді, соны шетінен кесіп қорлағанын, «10 жылға кетесің» деп ауру-сырқауыма қарамай үсті-үстіне жауапқа алғанын қалай ұмытайын. Қазір өзі қайтыс болып кетті. Сайын Шапағатов ағам Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына кіріп, араша сұрап, түрмеге кетуден аман алып қалды, - деген ол кісінің сөзі «адам аласы ішінде» деген халық даналығын еске түсірді.
- Кейін білдік ғой, Айша апамыздың жанында мен де бірге болған екенмін. Жан-жағымызға қарауға, тізе бүгуге болмайды, тікемізден тұрмыз. Қимылдасақ автоматтың дүбімен түйгіштеп кетеді. «Дұрыстап ұрып, ұйықтатып тастамайсыңдар ма бүйткенше» дегенім есте. Бізді азаптағандар елге белгілі, зиялы азаматтардың балалары болып шыққаны өкінішті. Желтоқсан көтерілісі талай адамдардың бет-бейнесін ашты, - деп Тоқтар Өтеғұлұлы қандай жағдайда да адами қасиетті жоғалтпай қажеттігіне студенттер назарын аударды.
- Мен ол кезде политехникалық институттың 4 курсында оқитын едім. Біз намыспен, ашу-ызамен алаңға шықтық. Өзімізде лайықты адам жоқтай сырттан Колбинді әкелуі ашындырды. Империя әскерін әкеліп, жазалады, қан төгілді. Түрмеде жатқанда келе жатқан әрбір аяқтың дыбысынан бізді өлімге алып кететіндей, алакөңіл күй кешіп, үрейленіп жатқанымызды басқа бермесін. Менімен бір инстиутты оқыған Қайрат Рысқұлбеков – нағыз батыр, ол абақтының азабына мойымай, қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, еңсесін түсірмей кетті, - деді Григор Әбубәкіров.
Ия, Желтоқсан қаһармандарының ерлігі ұмытылмайды. Биыл тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын атап өтеміз. Біздің елдің ғана емес, кеңестік империя құрамындағы одақтас республикалардың тәуелсіздік алуына себепші болған 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі.
- Былтыр Астанада «Желтоқсан көтерілісінің тарихи және бүкілдүниежүзілік маңызы» деген тақырыпта 10 елдің өкілдері, елшілері, ғалымдар, депутаттардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сондағы жер-жерден келген оқымыстылар, өзіміздің ат ақты ғалым-академиктеріміз 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын көтеріліс деп аталуы керектігін жан-жақты дәлелдеді. Венгриядан келген елшінің «Желтоқсанда алаңға шыққан қазақтар дүниежүзілік картаның өзгеруіне, бірнеше елдердің империя бұғауынан босауына көмектесті.Сол үшін рақмет айтамын» деген сөзі есімде. Алаш көсемдері арман еткен тәуелсіздігімізді жеделдеткен Желтоқсан көтерілісі.Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ, - деді қорытынды сөзінде Григор Сұлтанұлы.
Болат ҮМБЕТОВ
Суреттерді ұсынған А.Меңдіхан және Ш.Есенов атындағы КМТИУ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44865,44851,44850,44849"]