Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Тумашев ұлт саулығына өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. 38 жылдық тәжірибесі бар ақ халатты абзал жан осы уақытқа дейін 11 мыңнан аса балаға ота жасап, нәрестелердің өмірін сақтап қалған.
Жалпы жыл басынан бері хирургия бөлімінің көмегіне 956 бала жүгінген. Оның ішінде білікті дәрігерлер 746 балаға (туабітті ақауларға қатысты, соқырішек, жарық (грыжа), денеде пайда болған іріңдерге) ота жасаған.
- 2015 жылдан бастап жаңа технологияларды қолдана бастадық. Оның ішінде эндоскопиялық ота жасау жолға қойылды. Бұндай ота жарақатты аз түсіреді, әрі отаның дәл, сәтті жасалуына ықпал етеді. Жаңа туған сәби үшін бұл-өте тиімді әдіс. Айта кету керек, соңғы кездері туабітті ақауларға қатысты оталар саны көбейіп отырғаны бізді алаңдатады. Өткен жылы туабітті ақаулары бар-14, биыл-16 балаға ота жасаппыз. Баланы туабітті ақаулардан сақтаудың ең тиімді жолы-ананың жүктілік кезінде өзін-өзі күтуі болып табылады. Алайда аналардың көпшілігі материалдық жағдайының төмендігіне және әртүрлі жағдайларға байланысты тіркеуге кеш тұрады. Соның кесірінен баладағы кейбір ақаулар уақытында анықталмай жатады,-дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Тумашев.
Сұлтанбек Тумашев Астрахань мемлекеттік медицина университетін 1985 жылы тәмамдап, жолдамамен Маңғыстау облысына келген. Сол жылдардан бері Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында тапжылмай еңбек етіп келеді. 2008 жылдан бері хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Қарамағында 6 білікті дәрігер бар.
-Әрине, бұл бізге аздық етеді. Түнде бір маман кезекшілік атқарады. Негізінде кезекшілікте екі дәрігеріміз болғаны дұрыс. Біреуі-түнде келген науқастарға жедел көмек көрсетсе, екіншісі-іштегі қатаң ауруларды қарауы керек жәні бір хирург түнде келген науқастарға ота жасауы тиіс. Алайда үш адамның жұмысын бір дәрігер атқарып отыр. Шұғыл ота жасалатын болса, түнде үйден шақыртып жатады. Сондықтан да дәрігер мамандар әлі де қажет... Бөлімшеміз заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, барлығы да жеткілікті. Жағдайымызды жасап, қажетті дүниелерімізді дер кезінде жеткізіп беріп отыратын мекемеміздің басшысы Камшат Жарқынбекқызына айтар алғысымыз шексіз,-дейді хирургия бөлімінің меңгерушісі Сұлтанбек Тумашев.
Кейіпкеріміз өмірлік серігін де медицина саласынан тапқан. Фтизиатр-дәрігер Галина атты арумен отбасын құрып, қос ұлы Данияр, Бақтиярды жетілдірген. Алайда ұлдары әке жолын қумаған, басқа салада еңбек етеді. Сондықтан да тәжірибелі хирург немерелерінің бірі болашақта дәрігер болады деп сенеді.
- Мен оқушы кезімнен судья болуды армандадым. Біз мектеп бітірген жылдары заңгер болу үшін әскерге барып, Отан алдындағы борышынды өтеп келуге немесе 2 жыл милицияда еңбек етуге талап қойылатын. Бірде медицина университетінде оқып жатқан Шәкір деген туысқан ағайым «екі жыл уақытынды неге текке өткізесің. Ең дұрысы бізге келіп, медицина саласында білім ал» деп кеңес берді. Сол кісінің ақылымен мен медицна университетіне құжат тапсырдым. Әрине, алғашқы жылдары қиын болды, кейін сенім артқан ата-анамды жерге қаратпау үшін намысқа тырысып, жақсы оқып, ортаға үйрендім. 5-курсті бітіргенде 250 студент хирург мамандығында білімін жалғастыру үшін конкурсқа тапсырдық. Олардың арасынан тек ғана 6 адамды таңдап алатын болды. Мен ол тізімге ілікпей қалдым. Сол жылдары мені 20 күнге Грозныйға медициналық әскери дайындыққа жіберді. Арада 10 күн өткенде мені хирургия бөлімінде білім алуға жолдама берілгені жөнінде хат келді. Қуаныштан «төбем көкке екі елі жетпеді», - дейді кейіпкеріміз.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстаулық тігінші кәсіпкерлікті үйреніп, іс бастадыТалайдың тағдыры қыл үстінде тұрғанда дертіне дауа тауып, ажалға арашашы бола білген дәрігерге көпшіліктің де айтар алғысы шексіз. «Білікті дәрігердің арқасында балаларымыз ажал аузынан аман қалды» дейді тұрғындар.
- Биыл 1 шілде де төртінші баламды дүниеге әкелдім. Ұлым туабітті ақаумен туылды, дәрігерлер «ішегі кеңіп кеткен» деген диагноз қойды. 4-шілде күні хирург-дәрігер Сұлтанбек Тумашев балама ота жасады. Әрине, қатты уайымдадым, алдымен, Жаратқан иенің шапағатымен, дәрігерлердің «алтын» қолының арқасында ота сәтті өтті. Үш айдан кейін дәрігердің қабылауына келіп, ұлым Нұртасты қараттым. Қазіргі таңда жағдайы - жақсы. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Еңбектеріне табыс, отбасыларына бақыт тілеймін. Әрдайым халықтың алғысына бөлене берсін, - дейді Шайыр ауылының тұрғыны Жарасқан Бекбосынова.
Венера МИРЛАН