Маңғыстау облысына оқу жылының аяқталуына байланысты арнайы іссапармен келген ҚР Білім және ғылым министрінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева «Маңғыстау облысының білім саласы – өсу, реформалар және даму» тақырыбындағы кеңейтілген жиынға қатысып, саладағы өзгерістер жайын баяндады. Ақтаудағы қазақ-түрік лицейінің залында өткен отырысқа аймағымыздағы білім бөлімдерінің басшылары, колледж, мектеп, балабақша директорлары мен ұстаздар қатысты.
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бану Ғаниқызы жалпақ жұрт жиналған жиынды бастамас бұрын қонақпен таныстырып өтті. ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева жеріміздің тумасы, киелі Маңғыстаудың бір қарлығашы.
- Маңғыстау жерінде туып-өскен Эльмира Амангелдіқызы Ақтаудағы №16 мектептің оқыған. Жастайынан білімге құмар ол өте алғыр болып, мектеп қабырғасында белсенді болыпты. Жоғары оқу орнын абыройлы тәмамдағасын балабақша, мектеп, тіпті, колледжде жұмыс істеп, кейін, сол мекемелерде басшылық қызметке көтерілген. Білімділігі мен еңбекқорлығының арқасында Астана қаласындағы білім бөлімінің басқарып, енді вице-министр қызметінде. Осындай жерлесімізбен мақтанамыз,-деді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.
Маңғыстау облысының білім беру саласының бүгінгі ахуалы туралы білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова баяндады. Әлем жаһандық даму үстінде. Бұл адам ресурстарының ұтқырлығын пайдалану болып табылады. Аймағымызда 245 мектепке дейінгі мекеме болса, оның 76-сы жекеменшік. Ал, орта білім беретін мектептердің саны 145. Балабақшаларда 32 мыңнан астам оқушы тәрбиеленуде болса, 14 мыңдай педагогтар білім береді. Өңірімізде апатты мектептер толық жойылған. Ал, үш маусымда білім беретін мектептердің мәселесі шешілмей тұр. Оқушылардың көптігінен орын алатын бұл қиындықты Жаңаөзен қаласы, Қызылтөбе және Басқұдық ауылдарының балғындары көріп отыр. Басқұдықтың 1 мыңға жуық оқушысы көрші ауылдарға тасымалмен оқытылуда. Шешімі - уақыт еншісіндегі бұл мәселеден басқа да білім беру саласында қиындықтар жетерлік көрінеді.
- Соңғы жылдары дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдарға еріп, адасып жүрген балалар да бар. Бұл – өте өзекті мәселе. Суицид, ерте жүктілікке байланысты да жұмыс жүргізуіміз керек. Осы тақырыпта алдағы жылы үлкен жоба бастайтын боламыз. Облысымызда тұратын ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету де қиынға соғып тұр. Сондай-ақ, колледж студенттерінің жатаханамен қамтылуы да қиынға соғып тұр. Мыңдаған студенттерге арналған тек 1 жатахана бар,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы З. Тастемірова.
Зейнеп Жұмағалиқызы жас ұрпаққа білім беру жолында кезігіп отырған осындай қиындықтарды алға тартып, жерлесімізден мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, Маңғыстауға әрқашан оң көзбен қарауын сұрады. Эльмира Амангелдіқызы өз кезегінде туған жерін сағынып келгенін, жерлестерімен жүздесіп отырғанына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ, еліміздің білім саласындағы өзгерістерді баяндады.
- Білім беру саласы бір орнында тұрған жоқ. Ол алға жылжып келеді. Жаңартылған білім мазмұны – бұл оқушының танымдық жүйесін дамытуға көп көңіл бөледі. Мәселен, ядролық физиканы оқып, сол мамандық иесі болатын оқушыға гуманитарлық пәндердің не қажеті бар? Алда осы ұстаным алға қойылатын болады. 2019 жылдан бастап орта мектептерде қазақ тарихы қазақша, дүниежүзі тарихы орыс тілінде, ал, химия, биология, физика және информатика ағылшынша оқытылатын болады. Көптеген мұғалімдер жаңа жүйеге 3 жыл ішінде дайын бола алмаймыз дейді. Бірақ, мектеп, ата-ана және оқушы дайын болмаса, онда ештеңе өзгермейді, олар заманауи мазмұнға көше алмайды. Бұл жүйеге еліміз кезең-кезеңімен өтетін болады. Әр мектеп өз мұғалімдерін іріктіп, таңдап алады,-дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Э.Суханбердиева.
2020 жылдан бастап барлық сыныптар жаңартылған білім жүйесіне көшірілмек. Вице-министр ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің жалақысы екі есеге көбейіп, оқу жүйесін оңайлату үшін мектептерде интерактивті тақталар қолданылуы қажет деп санайды. Ал, ағылшын тілін үйренуде шетелдік әдістемені пайдалану керек. Эльмира Амангелдіқызы айтқан жағымды жаңалық – енді түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеуді қайталап тапсыруға мүмкіндік бар.
2016-2017 оқу жылында облыс бойынша 16200 бала 1 сыныпқа барады. Жаңадан ашылған 650 сынып жаңартылған білім бағдарламасымен оқитын болады. Сыныптарға сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, дене тәрбиесі, музыка, бейнелеу мен технология пәндерінің 1355 мұғалімі қыркүйек айына дейін біліктілік арттыру курстарынан өтпек.
Өңірімізде «Үш тілде білім беруді дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған Жол картасы» жасақталған. 11 мектеп пилоттық жобаға енгізіліп, жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерінің терминдерін ағылшын тілінде үйрету басталды. Алдағы оқу жылында олардың саны 23-ке жетеді.
Облыс орталығындағы бірқатар білім ошақтарын аралап, білім беру саласының жағдайымен танысқан министрлік өкілі Жаңаөзен қаласында болып, педагогтармен кездесті
Анар ШАМШАДИНОВА Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ