Кәсіпкер Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сатып алулардағы заң бұзушылықтар туралы хабарлады. «ӨзенМұнайСервис» «Экипажмен арнайы техниканы жалға беру» қызметін сатып алу кезінде 2 миллиард теңгеден астам сомаға сатып алу ережесін бұзған. Мұнай компаниясы тендерлік процедуралардың талаптарын бұза отырып, біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін басқа кәсіпкердің тендерге қатысуына рұқсат берген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сыбайлас жемқорлық қызметіне сілтеме жасап.
Осы өтініш негізінде департамент «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на тексеру жүргізу туралы хат жолдады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Сатып алуды бақылау орталық қызметі тендерлік рәсімдерді тексерді. Нәтижесінде, сатып алу рәсімі қағидаларының бұзылуын жою бойынша берілген ұсынымдарға сәйкес осы қызмет түрі бойынша ашық конкурс арқылы сатып алулар қайта жарияланды.
Электронды сатып алудың қорытындысы бойынша «МунайСпецСнабКомпания» ЖШС жеңімпаз деп танылып, 400-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Жоғарыдағы құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.