Естен кетпес есімің...
[ 2017 ] 26 мамыр, 11:40 | Маңғыстау жаңалықтары
1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.Сондай алапат жылдары қудалауға ұшырап, ақыры мерт болған дарынды әнші Қойбас Жалбырұлының өмірдерегін жинақтаған Алтынбек Тілегеновтың жазуынша, Қойбас өмірі не шығармалары біздің Маңғыстау баспаларында тіпті басылмаған, жоққа тән екен.
─ Әңгіме желісін Құлсары кентінің тұрғыны, руы – Жетімек жары Әбдіров Ідіріс Оразұлының зайыбы, 1923 жылы туған Қойбастың тумаласы Тәуірбалақызы Балтөре апамыздың есте қалғандары бойынша баяндауға тырысайын. Қойбас, ел арасында айтылатындай – Қожантай ұрпағы. Қожантайдан – Ақайдар, Бекайдар, Төбет болады екен. Қойбас – Бекайдардан таралатын Тұрымбет (Тұрмамбет болуы да мүмкін), Жалбыр, Садық, Дауылбай, Қоректірдің Жалбырының баласы. Қойбас туралы 1-2 ауыз баспа беттеріндегі жазбаларға сүйенсек, Маңғыстау ауданында шығатын «Жаңа өмір» газетінде шыққан Нұралы Оразбекұлының «Алыстағы ағайындар» деген мақаласында «...Жангелдин мен Тобанияз Адайларды Ақтөбе облысының Терісаққан, Қобда өзені бойынан жер алып беріп, Қожантай, Мөңке, әнші Қойбас бастап, 200 үй көшеді. Сол көштің ішінде Қалша Байлыхан, Молдаш, Сарлық, Қали, Шабайлар Қобда ауданы Еңбекшіадайдағы совхозда болады делінген (ол уақытта совхоз жоқ, ТОЗ болуы керек). Балтөре апайдың естелігі де осы жерден басталады. Қойбастар Жылойдан Терісаққан суының бойына келіп, «Ұшқынды» ТОЗ-ын құрады. Терісаққанның арғы беті шағыл екен дейді. Ол жерде ноғайлармен ұрыс болған жер болса керек, сол шағыл беттен кейбір заттар көрініп, кейде адамдардың дауыстары шығады»,- дейді.
Көшіп келген ел «Еңбекшіадай» ТОЗ-ын құрып, («Ұшқындыны» өзгертсе керек) егін шаруашылығымен айналысады.
Қойбас 1932-1933 жылдары Алматыға шақырылып, филармонияға алынады. Осы Алматыда жүрген кезде Ғарифоллаға дәріс бергені, ұстазы болғандығын да Балтөре апай сөз арасында айтып кетеді. Ақыры 1-2 жылдан соң арызданып, сұранып, Қойбас ауылына қайтып келеді. Елде сол егін бригадирі болып жүрген кезде 1937 жылы «Тобанияздың айбалтасын ұстады» деген айыппен бір түнде ұсталады. Осы кезде Қойбас тумаластарының үйлерінде жаппай тінту болады, бірақ айбалта табылмайды. Себебі, айбалта бұдан сәл ертерек бұрын тығылып тасталынады. Әнші ұсталып, Ақтөбе, Қарағанды түрмелерінде екі жылдай болып, Балтөре апай айтқандай «Дальний Востокқа» (Владивосток болуы керек. А.Ж.Т.) түрмеге айдалады. Владивостокта (Комсомольск на Амуре болса кім білсін, не де болса, ірі қала болуы керек А.Ж.Т.) қызық болғанда түрме бастығы Адай жігіті болып, түрмедегі жігіттерге осындай әнші, өнерпаз Қойбас деген ағамыз келді деп таныстырып, Қойбастың өзінен қалмайтын қара домбырасына қосып айтқан ән-термелерін түнімен тыңдап, мәре-сәре болады. Түрмедегі жағдай, сірә, белгілі, оған қоса аштық, суық әсерінен Қойбас ауырып қалады. Осы кезде түрме бастығы Адай жігіт Қойбасты ауруханаға жатқызып, емдетіп, тіпті, кейде өз үйіне жасырын апарып тамақтап, жазып алады. Бірақ, «аңдыған – алмай қоймайды» деген, Қойбас іш аурудың ауырлау түрімен ауырып, сол түрмеде қайтады. Адай жігіті: «Ағамызды барынша арулап, мұсылманша жерлейміз» - деп, орысы бар, қазағы бар соңғы сапарға шығарып салады. Ал, Қойбастан Балтөре апайдың айтуы бойынша ұрпақ қалмаған. Қойбастың әйелі Қаракемпір (Шатпакөл, Айнакөл маңындағы шеркеш руынан) Жұмаш деген әйелінен екі бала, бір қыз болған, бірақ бәрі де жастайынан қайтыс болған көрінеді. Сонымен, Қойбас Жалбырұлы (Балтөре әңгімелерінде «Қойбас Жалбыров» деген әңгіме айтылып қалады) шамамен 1939 жылдары қайтыс болған болуы керек. Себебі, әңгімеде Отан соғысы туралы әңгіме айтылмайды, 1937 жылдары ұсталған адамның 1-2 жылы Ақтөбе, Қарағанды түрмелерінде болса, естелікте жаңа түрмеде ұзақ өмір сүргені айтылмайды. Қойбас, Балтөренің суреттеуінше, қой көзді, қыр мұрынды, шоқша мұртты, қанды, сары адам, - дейді Алтынбек Тілегенов, 2006 жылы «Үш қиян» газетінде Қожантай Қойбас Жалбырұлы туралы шыққан мақаласында.
Ал, «Ар» газетінің 2012 жылғы 13 ақпандағы санында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтуар Өтегеновтың «Маңғыстау мақамдары» атты мақаласында:
─ Әнші Қожантай Қойбас Ғарифолла Құрманғалиевпен бірге Алматыда филармонияда ән салған, Ғарифолланың репертуарында Қойбас шығарған әндер де болған. Қойбас елге оралған соң маңғыстаулық жатақтарды Ақтөбе облысының Қобда ауданына апарып қоныстандырып, «Екпінді Адай» атты серіктестікті ұйымдастырушының бірі болып, кейін өзі соның төрағасы болып тұрғанда әлдекімдердің «Қойбастың үйінде Тобанияз ханның айбалтасы жасырын сақтаулы» деген көрсетуімен ұсталып, Қиыр Шығыстың түрмесінде дүниеден өтеді. Сол себептен де Ғарифолла орындаған Қойбас әндері халықтікі болып кете береді, - делінеді.
Өзін Қойбас Жалбырұлының туысымын деп таныстырған Ақтау қаласының тұрғыны Ақшатай Тасмұратова редакциямызға хабарласып, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында осы кісі туралы мақала шығаруымызды өтінді. Сөйтіп, марқұм тумаласы жайында аз-кем мағлұмат берді.
─ Қойбас Жалбырұлы бізге тумалас болып келеді. Оның кіндік қаны Маңғыстау ауданы, Шебір ауылында тамған. Балалық шағы сол жерде өткен. Жайлауда Ақтөбеде, қыстауда Маңғыстауда болған. Маңғыстаудан Ақтөбеге дейін мал айдап көшкен. Көшкен кезде қазіргі Орал, Атырау облыстарын қамтитын ауылдардың үстімен жүреді. Ол заманда атқа, атанға мінеді. Көшкен адам бір ай жол жүреді екен. Сонда ҚожантайҚойбас жолшыбай елдерге тоқтап, ән айтатын көрінеді. «Қойбастың әнікеле жатыр» дегеннен, халық бір күн, екі күн бұрын естіп, қуанатынға ұқсайды. Себебі, оның дауысы қазіргі Димаш Құдайбергенов сияқты өте ерекше болыпты. Ол уақытта жастардың жиналған жерін бастаңғы дейді екен. Жастар бастаңғы жасап, Қойбасты зор қошеметпен күтіп, оған ән айттырып, көңілдерін көтеретін көрінеді. Сөйтіп, Ақтөбеге дейінән айтып барады екен. Міне, Қойбас ата елге сондай атағымен дарыған. Берігеректе Алматыға барған, Ғарифоллаға сабақ берген дейді. Өмірінің жартысы Ақтөбеде өткен. Сол жақта 1928 жылы «Еңбекшіадай» дейтін ТОЗ ұйымдастырады. Соның бірінші төрағасы болады. Сөйтіп жүргенде Сталин заңының салқыны тиіп, Карлагқа айдап алып кетеді. Содан қайтып оралмапты.Тек ауыздан-ауызға тарап кеткен әні қалды. Қазіргі кезде оның «Қиқым көл» әнін Күріш Тасболатова, «Маңғыстау» әнінСәуле Жанпейісова, Ақмарал Ерімбетовалар орындап жүр. «Теке» деген де әні бар екен. Орал қаласының бұрынғы атауы Теке болған деседі. Осы «Теке» әнінің әні де, сөзі де Қойбастыкі екен. Біршама әндері жойылып та кеткен.
Біз Жеменейдің ішінде Қожантаймыз. Үш арыс Қожантай, Қожантайдың ең үлкенінен тараймыз. Қойбас ата ортаншы баласынан тарайды. Кіші баласы менен үлкен баласы Маңғыстауда қалған. Ортаншы балдары Ақтөбені жайлап қалған.Қазірде де Қожантайдың жартысы Ақтөбеде тұрады, - дейді ол.
Әсел ТАҢАТАРОВА
1428
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.