© архив
Осыдан дәл 16 жыл бұрын яғни 2007 жылдың 25-қазанында Маңғыстаудың ең биік нүктесі Отпантаудың баурайында Адай ата – Отпан тау тарихи этно-мәдени кешені ашылған еді. Кешен бүгінде ұлттық құндылықоарды дәріптейтін түрлі шаралар өтетін мәдени-рухани орынға айналған,деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кешен ұлттық идеологияны көздейтін сәулеттік құрылыстардан тұрады. Ақсарай – әу баста кешендегі ақсақалдар алқасының ордасы, қазірде онда 6 залдан тұратын музей орналасқан. Музейдің экспозиция залдары: «Кешен құрылысы мен құрылымы» кіріспе залы, «Дала данышпандары», «Өлке жеріндегі ислам», «Маңғыстаудың қолөнері», «Нұрлы жол көшіндегі Маңғыстау», «Маңғыстау тарихы» атты тұрақты көрме залдарынан тұрады. Ақсарай жанында барлық аналарымыздың құрметіне бағыштап қойылған «Ана келбеті» ескерткіші, 2017 жылы қойылған «Қазақтың үш биінің» ескерткіші , Отпанның шыңында ұлттық рухымыздың қуаты, Қазақтың қарашаңырағының иесі мен киесі – Адай ата кесенесі, көк түркілерден қалған рухани қуат жігеріміз бен ұлттық болмысымыздың тамыр-тегі - «Көк бөрі» ескерткіші, үш жүздің алақанына салынған қазан бейнесіндегі алау жағатын «Бірлік оты» ескерткіші, Тәуелсіздігіміз бен мемлекетіміздің тұғырнамасы – Ту төбе, Маңғыстаудың 362 әулиесінің құрметіне – 362 баспалдақ Ақсарай ғимараты мен Адай ата кесенесінің арасын жалғап жатыр.
2014 жылы кешенде Адайдың Тобыш ата ұрпақтарының бастамасымен «Бас қақпа», 2015 жылы Мұңал ата ұрпақтарының бастамасымен «Қарашаңырақ» ғимараты салынды. Кешен аумағында Маңғыстаудың төл тумасы, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлы жерленген.
Кешенде жыл сайын түрлі мәдени-рухани бағыттағы шаралар өткізіледі. Сол шаралардың ең бастысы – Амал мерекесі. Амал мерекесі 2008 жылдан бастап жыл сайын Адайдың Сегіз Арыс ұрпақтарының бастамасымен облыстық деңгейде, 2018 жылдан бері облыстық әкімшілік пен мәдениет басқармасының қолдауымен республикалық деңгейде тойланып келеді. Кешенде Маңғыстаулық құсбегілер мен саятшылықты дамыту, насихаттау бағытында «Салбурын» шарасы, 2012 жылдан бері «Атадан- бата, ағадан – тілек», «Батамен ер көгерер» сынды дәстүрлі шаралары өткізіліп келеді.
Кәсіпорынды әр жылдары Жоламан Көшкінов, Құралбай Озғамбаев, Асқар Санауов, Еркебұлан Атшыбайұлы, Нұрлан Мұсаев сынды азаматтар басқарды. Қазіргі таңда кәсіпорынға мәдениет саласында көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан Жадыра Кетеева жетекшілік етуде.