Ақтауда 25 қазан – Республика күніне орай мотошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды manngystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға 10-нан астам мотоцикл жүргізушісі қатысты. Мотошеру Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Мотоцикл жүргізушілері көк байрақты желбіретіп, 1 сағат көлемінде қаланы аралады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
- Мотошерудің мақсаты – ұлттық мерекемізді ұлықтау, мемлекеттік туымызды насихаттау. Мотоцикл жүргізушілері «Ақбота» саябағынан бастап 18ш/а және теңіз жағалауына дейін көк байрақты желбіретті. Қала тұрғындары мен қонақтарын 25 қазан – Республика күнімен құттықтаймын!- деді «Маңғыстау жергілікті бастамалар орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова.
#republicday