2024 жылдың 1 тоқсанында МӘМС және ТМККК есебінен 2 млрд 493 млн теңгеге 6 346 – ота жасалған. Оның ішінде 1 млрд 800 млн теңгеге болатын 5279 ота МӘМС есебінен жасалды. Сонымен қатар, МӘМС шеңберінде 149 мыңнан астам стоматологиялық қызмет тегін көрсетілді.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ қоры Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Елдеш Қосмағанбетов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2024 жылы облыста 86 медициналық орталық тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Оның ішінде 26 мемлекеттік мекеме, 60 жеке медициналық орталық. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге 32 МСАК медициналық ұйымымен және ҚР азаматтарының жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсететін 34 медициналық ұйымымен шарт жасалды.
2024 жылы облыс халқына медициналық көмек көрсетуге 86,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) 49,5 млрд теңге, МӘМС-ке 37,3 млрд теңге бөлінді. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Маңғыстау облысында сақтандырылғандардың үлесі халықтың 84,7% құрайды.
Маңғыстау облысы бойынша жарналарды төлеуден босатылған адамдар саны – 487 мың(61,5%) яғни ол адамдарға мемлекет тарапынан жарна үнемі төленіп отыр.
2024 жылдың басынан бастап стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек бойынша ауыл халқына 4,8 млрд теңге бөлініп, орындау 1 200 млн теңгені құрады.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің арқасында Маңғыстау облысының ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қаржыландыру ұлғайды, өйткені соңғы жылдары ауыл медицинасын дамытуға басты назар аударылуда. Мысалы, 2020 жылы ауыл тұрғындарын стационарлық емдеуге 2 млрд.теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 668,2 млн. теңгесі МӘМС бойынша. Ал 2024 жылдың 1-ші тоқсанын қорытындысы бойынша ТМККК және МӘМС бойынша облыстың ауылдық медициналық ұйымдары көрсеткен стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда көрсетілетін қызметтердің құны 1,1 млрд астам теңгені құрады, - деді Елдеш Қосмағанбетов.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»емделушілердің құқықтарын қорғауды жалғастыруда. Қор филиалы МӘМС аясында көрсететін қызметтің қатысушыларына халыққа сапалы қызмет көрсетуін жүйелі түрде мониторинг жүргізеді. 2024 жылдың 1-ші тоқсанында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалына 288 арыз-шағым түсті.
Сонымен қатар, Елдеш Қосмағанбетов қызметкерлердің ұзақ мерзімді демалысқа шығуы кезінде жарналар мен аударымдарды төлеуге қатысты түсініктеме берді.
- Ұзақ демалысқа (30 күннен астам) шыққан кезде қызметкерлерде сақтандырылған адамның мәртебесін сақтау үшін МӘМС-ке аударымдарды және жарналарды есептеу және аудару қағидаларына осы кезеңдегі төлемдерді аудару тетігін егжей-тегжейлі көрсететін өзгерістер енгізілді. МӘМС жүйесінде сақтандырылушының мәртебесін сақтау үшін бір немесе бір күнтізбелік айдан астам ақылы еңбек демалысы кезеңіне кірісті есептеу кезінде аударымдар мен жарналарды демалыс күндерінің санына барабар есептелген кезеңдер бойынша бөле отырып, бір төлеммен жүргізу қажет, - деді Елдеш Қосмағанбетов.