Бейнеу ауданында 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнін атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспаөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан әкімдігі, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері, аудан жастары шеру жасап, мемлекеттік туды көкке көтеріп Бейнеу ауылының Досан Тәжіұлы көшесі бойымен жүріп өтті. Шеруге көк байрақ ұстап, ат тізгіндеген атбегілер де қатысты. Мемлекеттік тудың мәртебесін асқақтатқан шеру Рәміздер алаңына келіп аялдап, салтанатты іс-шараға ұласты.
Рәміздер алаңында мемлекеттік гимн шырқалып, ту көтерілді. Аудан әкімі Рахымжан Шалбаев тұрғындарды мерекемен құттықтады.
- Мемлекеттік рәміздер— халқымыздың мызғымас бірлігі мен егемендігінің белгісі. Әлемде алар орнын айғақтайтын мемлекеттігіміздің символы. Тәуелсіздік алған уақыттан жас Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттерінің бірі — Мемлекеттік рәміздерді әзірлеу және оны бекіту болды. Бұл іс ауқымды жұмысты талап етті. Себебі рәміздер еліміздің тарихи, саяси мақсаты мен мұратын, болмысын айғақтап тұруы керек еді. Ұлтты сүю рәміздерді құрметтеуден басталады. Сондықтан рәміздерімізді қастер тұтып, еліміздің жарқын болашағы үшін бірге қызмет етейік. Көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді аудан әкімі.