Маңғыстау облысында карате шинкиокушинкай федерациясының спортшылары Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің туым - менің мақтанышым» атты челлендж жолдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еліміздің туы шетелде екі жағдайда - мемлекет басшысы басқа елге ресми сапармен барғанда және спортшылар жеңіс тұғырынан көрінген кезде көтеріледі. Алты алашты бір мүдде аясына жұмылдыратын - көк Ту мен Елтаңба. Ал жүректі тебірентіп, жігерді жанитын Әнұран екені аян.
«Әр спортшының асқақ арманы және басты мақсаты – Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары секілді дүбірлі додаларда өз елінің әнұранын әуелетіп, көк туымызды көтеруі. Мерекеге орай ұйымдастырылған челленджге жас спортшыларды қатыстырудағы мақсат - жас ұрпаққа Тудың, Елтаңбаның, Әнұранның қадір-қасиетін насихаттау», - деді облыстық карате шинкиокушинкай федерациясының атқарушы директоры Алдаберген Хасанұлы.
Айта кетсек, 1-2 маусым күндері карате шинкиокушинкай спортшыларының білімін арттыру мақсатында облыс көлемінде 400-ге жуық спортшы «кю» тест емтиханын тапсырып, белбеулерін көтерді. Айтулы мереке күні Амфитеатр алаңында емтихан тапсырған спортшылар облыстық карате-шинкиокушинкай федерациясы атынан марапатталды.