4 маусым - Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде Теңге ауылындағы «Айболат» балабақшасының бүлдіршіндері мемлекеттік рәміздермен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүлдіршіндердің ұлттық нышандарға сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада Адай есімді афромерикандық балақайдың патриоттығын ерекше атап өтуге болады. Ол басқа балалармен бірге әнұранды бар ынтасымен шырқап, Мемлекеттік тумен танысты.
Айта кетейік, 2021 жылы әлемді коронавирус індеті шарпыған уақытта Жаңаөзен қаласындағы перзентханада афроамерикандық Адай есімді шекесі торсықтай ұл дүниеге келді. Бүгінгі күні 3 жасар бүлдіршін Теңге ауылындағы «Айболат» балабақшасының кіші тобында тәрбиеленуде. Әкесі Фрайдэй Адере мен анасы Мерси Адере тіл үйрену курстарында ағылшын тілінен сабақ береді.