Ақтауда 4 маусым ҚР мемлекеттік рәміздер күніне орай «Туған жерің - тұғырың» патриоттық форумы өтті. Шара аясында эвакуациялық пунктте қызмет атқарған азаматтар «Жыл патриоты» номинациясымен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген шара ҚР әнұранымен басталды. Патриоттық форумға мемлекеттік қызметкерлер, білім, денсаулық, мәдениет, спорт саласының жас мамандары, қалалық қоғамдық даму орталығы, студенттер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Спикерлер патриоттық рух, Отанға қызмет тақырыбында сөз қозғады. Шарада Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, «Жыл патриоты» номинациясына ие болған азаматтарды марапаттады.
- Форумның негізгі мақсаты - жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді арттыру. Шарада спикерлер айтқан ой-пікірлер жастарымыздың қоғамға қосар өз үлесін айқындап, жас ұрпақтың бәсекелестікке қабілетті болып қалыптасуына септігін тигізеді деп есептеймін. Барша форум спикерлеріне алғысымды айтамын. Мерекеге орай жыл бойы өз еліне аянбай еңбек еткен әр саланың мамандары «Жыл патриоты» номинациясымен марапатталды. Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін!, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Форум барысында «Жыл патриоты» номинациясымен 8 азамат марапатталды. Солардың бірі Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға-инженері Ырзабек Әнуарбеков. Осы салада ол 2016 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
- Эвакуациялық пунктте қызмет атқардым. Бұл жұмысымды мен ел алдындағы борышым деп білемін. Барша қала тұрғындары мен қонақтарын ҚР мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға-инженері Ырзабек Әнуарбеков.