"Бекен" жас көшбасшылар достастығы ұйымдастырған конкурста жеңімпаз атанған 5 жас Қырғызстан Республикасына тағылымдамадан өтуге жолға шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстаулықтар үш күн ішінде көрші елдің мәдени, әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы қоғамдық қордың, орталықтардың жұмысымен танысады.
Жоба жетекшісі Алмаз Жақсылықтың айтуынша, алғашқы күн Қырғызстан мен Орталық Азиядағы жастарды өз идеяларын іске асыруға шабыттандырып, көшбасшы жастарды қалыптастыратын жетекші ұйымдардың және білім беру бастамалары қорының жұмысымен танысады.
"Ал екінші күн онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға психологиялық көмек көрсететін орталықтарға, шығармашыл жастарды даярлайтын оқу орындарға барып, тәжірибесімен танысады. Үшінші күні инновациялық орталықтарды аралауға және идея алмасуға арналады", - дейді жоба жетекшісі.
Жеңімпаздарды әуежайда Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек, "Бекен" жас көшбасшылар достастығының атқарушы директоры Манарбек Ержан және Грузияға баратын жастар сәттілік тілеп, шығарып салды.
Айта кетейік, аталған жоба Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының тапсырысы негізінде Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен "Бекен" жас көшбасшылар достастығының ұйымдастыруымен орындалып жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА