Әлеуметтік желіде кішкентай мысықты биік қоршаудан асыра лақтырған баланың әрекеті туралы бейнежазба жарияланды. Полиция қызметкерлері озбырлық әрекетке барған адамның жеке басын анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қатыгездікке барған адам Маңғыстау ауданының тұрғыны болып шықты. 14 жастағы жасөспірім тауық балапанын жегені үшін мысығын осылай жазаламақ болған. Сол мақсатта мысығын биікке лақтырып, әрекетін бейнежазбаға түсіріп алған.
Кейінірек бала қорлаған мысығының қазіргі уақытта тірі екенін бейнежазба арқылы тағы көрсетті. Осы дерек негізінде жасөспірімнің ата-анасына ҚР ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бап бойынша ең жоғарғы жаза -10 АЕК-ке тең.
Сонымен бірге полиция жасөспіріммен және оның жақындарымен профилактикалық әңгіме жүргізді.