Болгарияның Пловдив қаласында күрестен ардагерлер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған 60 мемлекеттен келген спортшылар бақ сынауда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ардагер спортшылар A,B,C,D,E дивизиондарына бөлініп өнер көрсетті. Жарысқа Қазақстан құрамасынан 20 спортшы, оның ішінде Маңғыстау облысынан 3 спортшы ел намысын қорғады.
Маңғыстаулық Абай Смағұлов 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде А дивизионында ардагерлер арасында еркін күрестен Әлем чемпионатын жеңіп алды. А дивизионында 35-40 жас аралығындағы спортшылар белдесті.
МО грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының атқарушы директоры Амандық Нұрсұлтан Жамбылұлының айтуынша, спортшы алғашқы кездесуінде қырғыз балуанын 4:3 есебімен жеңді, 1/4 екінші кездесуінде және 1/2 үшінші кездесуінде де Латвия мемлекетінің спортшысымен кездесіп, 5:1 есебіндегі басымдықпен маңғыстаулық спортшы финалға шықты. Ал финалдық кездесуде Үнді елінің спортшысын 7:5 есебімен жеңіп Әлем чемпионы атанды.
Жаттықтырушылары - Куруглиев Магомед және Ахмедханов Роман.
Әлем чемпионаты 4-9 қазан аралығына дейін жалғасады.