Маңғыстаулық тарихшы-археолог Андрей Астафьев Ұлы Жібек жолы кезеңіне қатысты табылған жәдігерлер туралы айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Зерттеушінің айтуынша, «қазына түбегі» деп те аталатын, бірнеше уақыттан бері зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қарақабақ шатқалы алыс шетел жүктерінің транзиттік аумағы ғана емес, сонымен бірге осы құндылықтардың бір бөлігі сақталған жер. Тарихшы ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде көшпелілер сәнінің кез келген сұранысын қанағаттандыратын қолөнер орталықтары болғанына зерттеу барысында жиі көз жеткізетінін айтады.
-Біз осындай көне қазба орталықтың бірін аштық. Мұнда өндірілген өнімдер біздің аймақтан тысқары жерлерге де таратылған. Табылған заттарға қарап Қарақабақ қонысында Үндістаннан әкелінген гранатты асыл тас, Солтүстік Қара теңіз аймағынан, тіпті Балтық жағалауы елдерінен әкелінген болуы мүмкін кәріптастар өндірілгенін сенімді түрде айтуға болады, - дейді археолог.
Зерттеуші Қарақабақтың орналасқан жері сол кездегі сауда тасымалы үшін де қолайлы болғанын атап өтті. Үндістаннан жеткен түрлі тауарлар осы жерлер арқылы өтіп, Еділ мен Дон өзендерінің бойына, ары қарай Қара теңізге, одан соң Византия империясына жеткізілгенін айтады. Елді мекеннің орнынан Византия императоры Флавий Аркадийдің мыс тиынының табылуы да кездейсоқтық емес екенін жеткізді.
Ғалым Қарабақтан табылып жатқан археологиялық жәдігерлер Ұлы Жібек жолының Маңғыстау аймағына қатысы туралы тек бір үзінді ғана екенін, алда әлі талай үлкен жаңалықтар ашылуы мүмкін екенін айтады.