Келушілер қор қызметі, бизнесті қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалармен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ашық есік күніне 30 дан аса кәсіпкер келіп, мамандардан кеңес алды. Мамандардың айтуынша, тек бұл күні ғана емес қорға кеңес алуға күнделікті келетіндер саны да соңғы кезде артып келеді.
Айта кетейік, «Даму» қоры Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпорындардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік қаржы институты болып табылады. Бағдарламаның басты миссиясы - қолдаудың кешенді және тиімді құралдарын енгізу арқылы микро, шағын және орта кәсіпкерлікті орнықты дамытудағы белсенді рөлін атқару.
- Бүгінгі таңда «Даму» Қоры «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларын несиелендіру тетігі аясында субсидиялар мен кепілдіктер түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, "Даму" қоры екінші деңгейдегі банктерде, микроқаржы ұйымдарында қаражатты шартты түрде орналастыру бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген қаржыландыруды, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды және кредиттерге кепілдік беруді жүзеге асырады, - дейді ашық есік күнін ұйымдастырушылар.
«Даму» қоры Маңғыстауда ашылғалы бері 2500-ден астам жобаға 231 миллиард теңге несиенің «сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша қолдау көрсетілген. Облыс кәсіпкерлерінің 2 мыңнан астам жобасына «Даму» қоры 21 млрд теңге кепілдік берген, онда несиенің жалпы сомасы 46 миллиард теңгеден астам болған.