Ақтау теңіз сауда портынан қазақстандық контейнерлік жүк тасымалдайтын екінші кеме «Сұңқар» алғаш рет жолға шықты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы бағыт - Әзербайжан Республикасы, Баку қаласының «Алят» порты. Кеме – «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС тиесілі. «Сұңқар» кемесі осы уақытқа дейін компанияның мамандандырылған флот қатарындағы кеме болған.
Транскаспий халықаралық көлік маршрутындағы және жалпы әлемдегі контейнерлік тасымалдарға деген қажеттілік пен сұраныстың жоғары болуына байланысты кеме қайта жасақталып, контейнер тасымалдайтын кеме ретінде модернизацияланған болатын.
«Сұңқар» кемесінің контейнерлік кеме ретінде алғаш жолға шығуы «Қазақтеңізкөлікфлоты» тарапынан салтанатты түрде атап өтілді. Шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ өкілдері, Қазақстандағы «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы, Қазақстан Республикасы порттарының теңіз әкімшілігі, Маңғыстау облысы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысты. Қатысушылар «Сұңқар» кемесінің капитанына ақ жол тілеп, шығарып салды.