Ақтауда Қазақстан халқы бірлігі күніне орай «Бірлік жүгірісі» республикалық бірегей жарысы өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Бірлік жүгірісінің» жарыс жолы 2 шақырымды құрады. Жүгіру жарысы 18 жасқа дейінгі ұл-қыздар және 18 жастан жоғары азаматтардың арасынан құралған 4 топ бойынша ұйымдастырылды. Шара 9 А-шағынаудандағы «I love Аktau»-дан бастау алып, 15-шағынаудандағы Амфитеатр алаңына дейін жалғасты. Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесі төрағасы, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі төрағасы Оңайбек Әбділовтың айтуынша, бүгінгі спорттық шара бір шаңырақ астында қоныстанған әр түрлі ұлт өкілдерінің, халқымыздың бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
- Бұл жарыстың негізгі мақсаты - Қазақстан халқының бірлігін насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру. Шара жылда өткізіліп отырады. Биыл қатысушылар саны көп.Жарысқа жастармен қоса егде жастағылардың қатысуы халықтың спортқа деген қызығушылығы зор екенін көрсетеді. Жуырда өткен ҚХА 33-сессиясында Ассамблеяның рөлі жоғары екенін аталып өтті. Бүгінгі шара да ел бірлігінің маңызын көрсетеді. Сондықтан халықтар бірлігін бекемдеу бағытында атқарылған іс-шара оңынан болсын, - деді Оңайбек Әбділов.
Сондай-ақ, аталған іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, барлық этномәдени бірлестіктер өкілдері, әуесқой спортшылар да белсене атсалысты. Маңғыстау өңірінде туып-өскен орыс ұлтының өкілі Евгений Хапатько жыл сайын бірлік күніне орай ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысатынын атап өтті.
- Бала кезімнен қазақ тілінде сөйлеймін. Мектепте қазақ тілінде оқыдым. Қазақтармен етене араласамын. Былтыр да осындай марафонға қатыстым. Биыл жеңіске жетемін деген ойдамын. Қазақстан өте ғажайып ел, бәрін құшақ жая қарсы алады, - деді Евгений Хапатько.
Сонымен қатар, жастардың пікірінше, салауатты өмір салтын осындай жарыстар арқылы насихаттаудың маңызы зор. Өйткені, спортпен күнделікті айналысқан адамдардың өзіне де, қоғамға да тигізер пайдасы көп.
Жарыс мәресіне бірінші боп жеткен жеңімпаздар арнайы кубокка ие болып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Айта өтейік, жарыс Қазақстанның барлық қалаларында өткізілді.