Түркіменстанда Қарабоғаз шығанағы арқылы өтетін автомобиль көпірінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қатысты. Енді Қазақстан мен Түркіменстанды шығанақ арқылы өтетін көпір байланыстыратын болады,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz Түркіменстанның Ақтаудағы консулдығына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары Түркіменстанда жол құрылысын дамыту, жаңа халықаралық көлік дәліздерін құру, жүк және жолаушылар тасымалының көлемін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, Түркіменстан аумағы арқылы өтетін транзиттік ағындарды жандандыруға, сонымен қатар уақыт талабына сай экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді.
Ал Қарабоғаз шығанағы арқылы салынатын жаңа көпір Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің халықаралық деңгейдегі маңызын арттырады. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, Түркіменбашыдан Қарабоғаз шығанағы арқылы Қазақстан шекарасына дейін өтетін екі жолақты автокөпірдің жалпы ұзындығы - 354 метр, ені 21 метр. Оған қоса шекара бойында түрлі мақсаттағы құрылыстар қатар салынады. Оның ішінде жүргізушілер мен жолаушыларға арналған демалыс орындары, қонақ үй, техникалық қызмет көрсету орталықтары, аялдамалар, көліктердің салмағы мен өлшемін бақылайтын автоматтандырылған жүйелер, жарықтандыру, жол белгілері бар.
Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың айтуынша, көпір Түрікменстан, Ресей, Қазақстан, Иран және Үндістанның жүк тасымалдаушыларына тиімді қызмет көрсетуге арналатынын, Солтүстік және Шығыс Еуропа елдеріне қысқа жолмен жетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа автокөпір Түркіменстанның жаһандық экономикалық кеңістікке белсенді интеграциялануына, шет елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қолайлы жағдай туғызатынын баса айтты.
Сонымен қатар теңіз жағалауы мен Қарабоғаз шығанағындағы бай табиғи ресурстарды игеруге және аумақтың географиялық факторларын зерттей отырып, оларды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ал туристер Түркіменбашы қаласында және Аваза ұлттық туристік аймағында құрылған шипажайлар мен демалыс орталықтарының қызметтерін пайдаланады.