9 тамызда өткен облыс әкімінің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте облыстың қалалары мен аудандарындағы қатты тұрмыстық қалдықтар шығару және санитарлық тазалық мәселесі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде санитарлық жағдай және елді мекендердегі қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығару мәселесі өзекті. Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғаты көрікті жерлерін туристер де, тұрғындар да тамақ қалдықтарымен ластап жатыр. Соңғы уақытта облыс орталығының тұрғындары тарапынан түсетін қоқыстың жиналуына қатысты шағымдардың саны да айтарлықтай өсті.
Тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылмауы қалаға жақын маңда орналасқан Мұнайлы ауданы мен Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының тұрғындарын да алаңдатып отыр.
- Елді мекендердің санитарлық жағдайы алаңдатарлық мәселе. Ақтау қаласының ластануына жол беруге болмайды. Tелеграм чатқа түсетін шағымдардың басым бөлігі қоқыс жинау және шығару мәселесімен байланысты. Қалдықтарды уақтылы жинамау қаланың көркін бұзып, тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл қала әкімі тарапынан жұмыс дұрыс ұйымдастырылмауының нәтижесі, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімі жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін аймақ басшысы Ақтау қаласының әкіміне, оның орынбасарына және ТҮКШ бөлімінің басшысына сөгіс жариялады.