Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
2022-2023 оқу жылына 150 грант денсаулық сақтау саласына, 15 грант ауыл шаруашылығы және биоресурсатр саласына және 10 грант өнер саласына бөлінген.
- Жалпы бұл грант ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 Қаулысы негізінде 2018 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен жүзеге асып келеді. Осы уақытқа дейін 700 білім беру гранты бөлінді, - деді Клара Құлатаева.
Конкурсқа қатысу үшін Қазақстанның 18 жоғары оқу орнынан өтінім келіп түскен, комиссия ұйғарымымен 16 ЖОО-на мемлекеттік тапсырыс беріледі деп шешілді. Оның ішінде, жалпы медицина бойынша - 8, ауыл шаруашылығы бойынша – 4, өнер бойынша - 4 университет тапсырысты жеңіп алған.
Талапкерлерден құжат қабылдау уақыты 8-12 тамыз аралығында онлайн түрде жүргізіледі. Талапкерлер құжаттарын bilimbaskarmasy2022@mail.ru электронды мекенжайына жолдау керек.
Айта кетейік, қабылдау басталғалы 100-ден астам өтініш «Жалпы медицина» мамандығына, төртеуі өнер мамандықтарына және бір өтініш ауыл шаруашылығына келіп түскен. Соның ішінде талапқа сай болмаған және құжаттың жетіспеуіне байланысты 9 құжат кері қайтарылған.
Тапсыруға міндетті құжаттар тізбесі:
1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш (Өтініш үлгісі Білім басқармасының www.mangystau.gov.kz ресми сайтында жарияланды);
2) жалпы орта білімі туралы құжат көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа тапсыру);
3) ҰБТ сертификатының көшірмесі, студенттер үшін соңғы сессия қорытындысы, интернатураға тапсыратындарға «бакалавр» бітіргендігі жөнінде диплом көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа көрсету);
4) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама көшірмесі (құжаттарды жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа тапсыру);
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
6) Көп балалы, аз қамтылған отбасы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар екендігін дәлелдейтін құжаттар көшірмесі(болған жағдайда);
7) «Жалпы медицина» мамандығына тапсырушыларға психометриялық емтихан анықтамасы;
8) «Өнер» мамандықтарына шығармашылық емтихан нәтижесі
Талапкерлердің құжатын қарау үшін конкурс комиссиясының отырысы 17-18 тамыз күндері өткізіледі. Грант иегерлерінің тізімі облыс әкімдігінің, білім басқармасының сайттарында 20 тамызға дейін жарияланады. Ал білім беру гранты туралы куәлік 25 тамызда беріледі.