Маңғыстау облысында жылына бірнеше рет басқа қалаға ота жасату үшін баратын мүгедек балалардың ата-анасы денсаулық сақтау басқармасына ашулы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында жоқ мамандарға ота жасату үшінөзге аймақтарға бірі ұшақпен, бірі пойызбен баруға мәжбүр. Сөздерінше портал арқылы басқа өңірлерде түрлі ота жасатып келетіндерге осы уақытқа дейін жол ақысының қаражаты беріліп келген. Ал енді бір күннің ішінде денсаулық сақтау басқармасындағылар ақшаның төленбейтінін айтқан. Ата-аналар болса билетті қарыз бен несиеге алып, шығынға батып отырмыз дейді.
- Ерігіп жүрген ешкім жоқ, бәріміз де бала үшін жүрміз,. Ойдан ауру шығарып жүргеніміз жоқ. Баламызды емдейік, сәл де болса шипасы болсын деген жолда жүрміз. Енді айналып келгенде жол ақысы төленбейді, құжатты қабылдамаймыз деп отыр. Менің балама дәрігердің жазып берген дәрісінің өзі Ақтауда жоқ, - дейді Арай Алшынова.
Балалардың удай қымбат дәрілерінен бөлек, енді ұшаққа да төлейтін қаражат керек. Мүгедек баланы бір жылда Алматы мен Нұр-Сұлтанға 4-5 рет апарып келетін ата-аналар зар еңіреп отыр. Мәселен бір адамға Ақтаудан Алматыға барып-келу ұшақ билетінің құны шамамен 100 мың теңгеден асады. Ал облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы өзгерістің болғанын растап отыр. Яғни, бұдан былай портал арқылы басқа қалаға баратындар үшін жол ақысы төленбейді. Бұл туралы «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі жөніндегі Қазақстан Республикасының Кодексінде» көрсетілген, заңнан аттап кете алмаймыз дейді ол.
- Ескі Кодекс бойынша порталмен барғандарға төлеуге болатын еді. Кодекске 2020 жылы өзгеріс енгізілген. Кодекске сәйкестендіру үшін біздің заң жүзінде төлеп отырған құжатымызға өзгеріс енгізу керек болды, - дейді МО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Бұдан бөлек портал арқылы басқа қалаларға барып, жоғарғы мамандандырылған көмек алатындарға ғана жол ақысы төленеді дейді. Өйткені, Маңғыстау облысының денсаулық сақтау саласында мұндай көмек мүлде жоқ екен. Ал жиналған аналар егер Кодекске өзгеріс 2020 жылы енгізілген болса, 2 жыл бойы өңірдегі жауаптылар неге білмегеніне таңданып тарқасты.
Махаббат Нұржанқызы