Ақтаулықтар жаңадан салынған шағынаудандарда оқушылар үшін білім ордасының жоқ екеніне наразы, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәселен 33-шағынаудандағы «Заман» ТҮК тұрғындарының балалары алыс орналасқан мектептерге автобуспен немесе таксимен қатынауға мәжбүр. Ол аздай, балалар үшінші ауысымда қас қарайғанша оқиды екен. Қыс мезгілінде оқушылардың мектепке барып-келуіне алаңдаймыз дейді ата-аналар.
- Әр үйде екі-үштен, тіпті бес-алтыдан балалары бар. Соларды мектепке таксимен тасып жүр. Әйел адамдар қыстың күні тоңып-шашырап әрлі-берлі тасумен жүреді, - дейді тұрғын Нұрсұлтан Мәшрупов.
- Мектеп салулы, жағдай жасаулы дейді. Ешқандай жағдай жасалмаған. Мектептерде орын тапшы. Мұндай проблеманың ешқандай шешімі табылмай отыр. Балалар қыс бойы үш кезеңнен оқып шықты. Ол өтірік емес, рас. Біздерге шенеуніктер үйіміздің жанындағы бос орынға мектеп салып берсін, - дейді тұрғын Нұрсәуле Өнербекова.
Ұрпағымыз алаңсыз білім алсын деген халық мектеп тапшылығын жоюды дереу қолға алу керек деп отыр. Бос жатқан жерлерге бизнес орталығы мен тұрғын үй салғанша, білім ордасын тұрғызған дұрыс дейді олар.
Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасында мектептердегі үш ауысымдық жүйе әзірге шешілмейтінін айтады. Өйткені, жыл сайын өңірдегі демография қарқын алып келеді. Мәселен биыл облыста бірінші сыныптың өзіне 20 мыңға жуық бала қабылданған. Дегенмен мектеп жетіспеушілігі мәселесін 2025 жылға дейін шешеміз деп отыр.
- Ол үшін 44 мектептің құрылысы жоспарланды. Бүгінгі таңда екеуі пайдалануға берілсе, екі-үш мемлекеттік мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2025 жылға дейін Ақтау қаласында ашылатын барлық шағынауданға мектеп салу жоспарға енгізілді. Енді ары қарай уақыттың еншісінде, - дейді МО білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатаева.
Сондай-ақ Клара Құлатаева енді өңірде жекеменшік мемлекеттік келісімшартпен салынатын оқу ордасы қатары артатынын айтты.
Махаббат Нұржанқызы