Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған И. - ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша И. қызын ұрып, итеріп жібергенде баланың іші үстелдің бұрышына тиеді. Балада гематома пайда болды. Бірнеше күн өткен соң, әйел ашулы күйде қызының іш қуысына тағы да соққы береді. Содан кейін қызын үйде қалдырып, кетіп қалды. Бірнеше сағаттан кейін қыз өмірге сәйкес келмейтін дене жарақатынан қайтыс болады. Азаматша .И.ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Апелляциялық сатыдағы іс жәбірленушінің заңды өкілінің, сотталған адамның және оның адвокатының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Жәбірленушінің заңды өкілі үкімнің күшін жоюды және істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады. Сотталушы да өз шағымында істі қайта қарауды сұрады. Сотталушының қорғаушысы И.-дің әрекетін ҚК-нің абайсызда адам өліміне алып келу 106-бабы бойынша қайта қарауды сұрады.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімінің заңды және негізді шығарылғанын, үкімді өзгерту не оның күшін жою және апелляциялық шағымдардың дәлелдерін қанағаттандыру үшін негіздер жоқ екенін анықтады.
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Ақтау қалалық сотының 10.06.2022 жылғы И.- ға қатысты үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.