Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін екі мыңнан астам адам жауапқа тартылып, жалпы сомасы 24 925 220 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Осы жылдың басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы "Ортақ пайдалану орындарын ластау" бойынша 2 438 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрбір ластаушыға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша "Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қалалар мен елді мекендердің жасыл желектерін жою" бойынша тәртіп бұзушыларға ескерту немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңгеге тең.
Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 3 774 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 30 адамға 1 317 090 теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп хабарлады өңірдің ПД баспасөз қызметі.
Жалпы пайдалану орындарының ластануына байланысты құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында учаскелік инспекторлар халықпен тұрақты түрде профилактикалық жұмыс жүргізеді.
- Егер сіз ластаушылықтың куәсі болсаңыз, сайтқа жүгіне аласыз, болмаса 102 мобильді қосымшасына фото немесе видео жіберіңіз. Бұған қоса, тікелей бейне қоңырау арқылы полицияға қоңырау шалуға болады, полиция қызметкерлері дереу әрекет етеді, - деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.