4 шілдеден 5-іне қараған түні, сағат 02:40-та Шымкенттен Маңғыстауға шығатын FlyArystan компаниясының рейсі тоқтатылып, 20 сағаттан кейін ұшатын болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл жөнінде сол рейске билет алған жолаушылар айтып, шағымданып жатыр. Айтуларынша, рейстің тоқтатылуы немесе кешігуі жөнінде алдын ала хабарлама да келмеген. Бұған қоса, 5-індегі рейс алғашында 20 сағатқа емес, бірден үш күнге, яғни шамамен 70 сағатқа шегеріліп, 8 шілдеде ұшатын болған. Кейін жолаушылардың сұраныс-талабынан соң ғана 6 шілде, сағат 23:00-ге рейс ұйымдастырған. Нәтижесінде 5-і күні таңда Ақтауда болуы тиіс адамдар, 6-сы күні таңда жетпек.
- Ақтаумен қатар, Астанаға кететін ұшақ та кешіккен сияқты. Әуежайдың іші ығы-жығы адам, не істерімізді, қайда барарымызды білмей қалдық. Себебі көпшілігіміз демалысқа барған адамдар, қонақүйден тіке келгенбіз. Өзім вахтада жасайтын едім, таңда қонып, әрі қарай жұмысқа кетем деп қойғанмын, енді одан да кешігіп жатырмын. Арамызда 5 шілдеде Ақтаудан Грузияға ұшатын жолаушылар бар. Олар да: «Не істейміз, қалай үлгереміз, билетіміз күйіп кете ме?» - абдырап қалды. Кейбір кісілер оларға Ташкентке барып, содан Ақтауға ұшуға болатынын айтып жатыр. Енді мұндай жағдайдың қайталанбауын, компанияның жауапкершілікке тартылуын сұраймыз - дейді Шымкенттен келе жатқан маңғыстаулық азамат Еркебұлан Жаулыбай.
Бұл мәселе жөнінде mangystaumedia.kz FlyArystan-ға сауал жолдап, жауап күтіп отыр.