Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылына қарасты Ералы елді-мекенінде тұратын 100 жастағы Ханым Сүйіндікова да бүгін өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
148-референдум учаскесінің мүшелері 1922 жылы туған кейуананың үйіне тасымал жәшігін жеткізіп, қарияға сый-сияпат табыстады.
Ханым Сүйіндікова зұлмат жылдардың зұлымдығын көріп, саяси нәубет құрбандарының куәгері болған, өзі де қуғын-сүргінге түскендердің көзі тірі өкілі.
Нәубеттен аман қалған ол II дүниежүзілік соғысты көрді. Жеңісті жақындату үшін тылда тынымсыз еңбек етті, өлшеусіз тер төкті. Құрықтың "Ералы стансасы" деп аталатын елді-мекенінде ұл-келін, немере-шөберелерімен бірге бақытты ғұмыр кешуде.